Полицейлер Яна Легкодимованың өліміне себепкер болған қаскөйлердің әрекетін қалай әшкерелегенін, жедел уәкілдер күдіктілерді қалай құрықтағанын, тергеушілер бұл істі қалай ашқанын көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
23 жастағы Яна Легкодимова 2024 жылғы 18 қазаннан 19-на қараған түні өлтірілген. Қыздың денесі тек сегіз ай өткен соң Жайық өзенінің жағасынан табылды.
Бірінші адам жоғалу фактісімен іс тіркелді.
- Хабар түскен бойда біз оны іздеуге кірістік. Бірқатар жұмыстар атқарылды. Адам ұрланғаны жөнінде мәліметтер жинақталған соң істі адам ұрлау дерегі бойынша жүргіздік. Одан соң іс кісі өлтіру дерегіне өзгертілді, - деді Атырау облысы криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан Құсайынов.
Полицияға хабар 20 қазан күні қыздың анасынан оның хабар-ошарсыз кеткені жөнінде түскен. Тәртіп сақшылары Янаның түр-сипатына, ерекшеліктеріне қарай сұрау салып, іздестіру жұмыстарын жүргізген.
- Біз оның үйден шыққан сәтінен бастап жүрген бағытын қалпына келтіре бастадық. Камералар қыз мінген ақ түсті көлікті көрсетті. Жанында есікті ұстап тұрған екінші ер адам болған. Кейін ол да автокөлікке отырған. Одан соң олар Талдыкөлге қарай бағыт алған, - деді Атырау облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Темірхан Хажмұратов.
Оқиғаның жай хабар-ошарсыз кеткен адам туралы емес, қылмыстық сипаты барын жедел уәкілдер анықтады. Қаладағы бейнекамералардың жазбалары қаралып, күдікті көліктің жүру бағыты тексеріледі. Осылайша қызды алып кеткен екі жігіт анықталады. Бірі қылмысты өз қолымен жасаса, екіншісі оған ізін жасыруға көмектескен.
- Күдіктілер екі күннен кейін ұсталды. Бірі Құрманғазы ауданына кетіп үлгерген, екіншісі көлікті жуатын орынға апарып, іздерді және марқұмның телефонын жойған, - деді тергеуші Хажмұратов.
Айғақтардың жойылуына қарамастан, полиция қызметкерлері істі ашты. Тергеу материалдарына сәйкес, Хайржанов көліктің ішінде Янаны тұншықтырған, ал досы Катимов қызды қашып кетпесін деп есікті ұстап тұрған. Бұдан кейін олар денені қала сыртына апарып, өзенге лақтырған.
- Алдымен біз Хайржановты анықтадық. Оның жауабы бойынша екінші күдікті Катимовты таптық. Күдіктілер ұсталып, бірақ мәйіттің табылмағаны менің тәжірибемде алғаш рет болды. Соған қарамастан күдіктінің сөзі бойынша қылмыс болған орынды анықтадық, - деді Ерлан Құсайынов.
ҮКІМ
Еске салайық, 17 қарашада Яна Легкодаимованы өлтіргендерге сот үкімі шыққан болатын.