Алматының Ақкент шағын ауданында қытайша жарнамалар ілінген дүкендер мен дәмханалар көбейді. Көлік тұрағында Қытай нөмірлі көліктердің де тұрғаны байқалады. Жергілікті кәсіпкерлер мұны шағын ауданда Қытай азаматтары мен қандастардың көптігімен байланыстырады. Кейбір тұрғындар Сухамбаев пен Райымбек көшелерінің қиылысын «China Town» деп атаймыз дейді.
Қытайша жарнамасы көп көше
Ulysmedia тілшісі бүгін Алматыдағы Ақкент шағын ауданына барды. Райымбек даңғылымен Сухамбаев көшесіне бұрылған бетте жолдың екі шетіндегі дүкендер мен дәмханалардың сыртындағы аңдатпа тақтайшаларда қазақшамен қатар қытайша да жазылғаны бірден көзге түседі.
Сондай дәмханалардың бірі – «Ақ дәм» кафесі. Өзін дәмхана иесімін деп таныстырған Мағауия Үсен қытайша жазуын шағын ауданда қандастар мен Қытай азаматтарының көп болуымен байланыстырды. Мағауияның өзі де 2019 жылы Қытайдан келіп, 2020 жылы Қазақстан азаматтығын алған.
«Қытайдан келген балалардың өзі осы жақтың жазуын тез оқи алмайды. Жұмыс істеп жатқанымызға үш жарым жыл болды. Біз емес, Алматының ішіндегі кафелердің барлығы солай. Қытайдан келгендерде кафе көп қой. Осы жерде Қытайдан келгендер (қандастар) көп тұрады. Таза қытайлар да көп», – деді ол.
Дәл осы Сухамбаев көшесінің бойында шаштараз ашып отырған Нұртай да «barbershoр»-ның сыртына «шаштараз» деген қазақша жазудың астына қытайша аудармасын ілген. Ол да ауданда Қытай азаматтары мен қандастар көп болғасын осылай жаздым дейді. Оның сөзінше, қытайша жазуды көрген соң, шаштаразға Қытай азаматтары көптеп келетін болған.
«Жарнама туралы заң»
«Жарнама туралы» заңға сәйкес, ел аумағында жарнаманы қазақ тілінде және жарнама берушінің қалауына қарай орыс немесе басқа тілде таратуға болады. Осы заңның 6-бабында былай деп жазылған:
«Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де таратылады. Жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс».
«China Town деп атаймыз»
30 жылдан бері Ақкент шағын ауданында тұратын 68 жастағы Сайлан Тұрғанбаев кейінгі жылдары ауданға Қытай азаматтары мен қандастардың көптеп көшіп келгенін айтады. Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар Райымбек пен Сухамбаев көшелерінің қиылысын өзара «China Town» деп атап кеткен.
«Қытайша жазып қойған асхана, дүкен, шаштараз бар. Осы жерден бастап, былай қарай (Райымбек-Сухамбаев көшелері жағын нұсқап) «China Town» дейді ғой. Мына жерден үй сатып алғандар бар, пәтер жалдап тұратындар бар. Мына ауданның Райымбек көшесінен былай қарай қандастар үй алады немесе жаңағы қытайлар алады. Менде үйімді сатуға қойып қойдым. Бірақ әлі ешкім хабарласқан жоқ», – дейді ол.
Ақкент шағын ауданы Алатау ауданына қарайды. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда Алатау ауданында 370 мыңға жуық адам тұрады. Ал Ақкент шағын ауданының өзіндегі 82 тұрғын үйде 2376 пәтер бар.
Визасыз режим
2023 жылы 10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді. Екі жақ қол қойған келісімге сәйкес, Қытай және Қазақстан азаматтары көрші елде шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін визасыз бола алады. Жалпы 180 күн ішінде визасыз 90 күннен артық жүре алмайды. Оған дейін Қытай азаматтары Қазақстанда визасыз 14 күнге дейін жүре алған.
Қазақстанда Қытаймен арада 30 күндік визасыз режим енгізуге азаматтық қоғам мен саяси белсенділер қарсылық білдірген. Олар Қытайдың экономикалық экспанциясы болады деп қауіптенген.
Бұған дейін Гарвард университетіндегі Дэвис орталығының зерттеушісі Наргис Қасенова Ulysmedia-ға берген сұхбатында алдағы уақытта Қытаймен ынтымақтастық арта беретінін және одан қорықпау керектігін айтқан.