×
518.68
600.27
6.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.68
600.27
6.58

Қысым, бұғатталған сайт және қоғам назарын бұру саясаты: Алматыдағы «Медиақұрылтай» қалай өтті?

Бүгін, 23:57
Қысым, бұғатталған сайт және қоғам назарын бұру саясаты: Алматыдағы «Медиақұрылтай» қалай өтті?
Фото: ulуsmedia

Алматыда Қазақстан медиа нарығындағы мәселелерді талқылауға арналған «Медиақұрылтай» өтті. Шараға Ulysmedia тілшісі де қатысып, сарапшылар талқысын тыңдады. Осыған байланысты құрылтайда айтылған кейбір пікірталастар мен талқылауларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік. 

Биылғы «Медиақұрылтай» тақырыбы –  «Медиа нарық: зорайған қатер немесе мүмкіндік аймағы ма?» деп аталды. Шарада елдегі сөз бостандығының ахуалы, БАҚ-қа жасалған қысым, «Масс-медиа туралы» жаңа заң, журналистерге жасалған шабуыл және өзге де мәселелер талқыланды.

«Хайп және мемлекет: қоғам назарын бұру саясаты шынымен де бар ма?»  

Ең қызу талқыланған сессиялардың бірі – «Хайп және мемлекет: қоғам назарын бұру саясаты шынымен де бар ма?»  сессиясы болды.

Алғашқылардың бірі болып «Азаттық» радиосының Алматы бюросының басшысы Қасым Аманжол сөз алды. Ол қоғам назарын аударатын кейбір тақырыптар билік тарапынан арнайы саяси технологиялармен ұйымдастырылатынын айтты. Оның сөзінше, мұндай хайп тақырыптар әсіресе елдегі үлкен саяси науқандар мен қарсылық акциялары кезінде ұйымдастырылады.

«Бұл мәселе бойынша енді бірден кесіп айта салу қиын шығар деп ойлаймын. Кейде тақырыптарды арнайы саяси технологиялармен билік тарапынан ұйымдастырылатынын көбіміз сеземіз. Енді нақты мойындалған факты жоқ шығар, «біз әдейі осындай хайпты ұйымдастырдық» деген. Бірақ «біз арқылы ұйымдастыруға тырысты. Елдің пікірін алып кету үшін біз осылай жасадық» деп осыдан біраз жыл бұрын жер митингілері кезінде шатаспасам, Қарақат пен Қыдырәлі екі әнші осындай бір мәлімдемелер жасап мойындаған», – деді ол.

Бірақ Қасым Аманжол кейінгі уақыттары болған әрбір хайп тақырыпты билік тарапынан ұйымдастырылды деп айту қиын дейді. Десе де, журналистердің бұндай тақырыптарға әуес болуы шынайы, салмақты журналистиканың тасада қалып қоюына әсерін тигізіп отыр.

Бұдан өзге, ол қазіргі қазақ журналистикасы биліктің қолжаулығына айналып кеткенін айтты.

«Журналистика Қазақстанда азаматтық институт ретінде толық қалыптасып үлгермей жатып, биліктің қолжаулығына айналып кетті. Барлық мемлекеттік медиа, барлық ресми медиа, мемлекеттен қаражат алатын медианың барлығы дерлік биліктің күтушісіне айналып кетті. Осындай жағдайда журналистиканың өзі институт ретінде қоғамдағы өзінің негізгі миссиясынан айырылып қалған жағдайы бар. Осы себептен де салмақты журналистиканың орнын осындай бір жеңілтек дүниелер басып кетті. Бір жағы әлеуметтік желідегі жеңіл тақырыптарды қоғамға өткізе беріп, түрлі әншілердің жеке өмірін қаза беріп, біз қоғамды да, көрермен жұртты да осындай дүниелерге үйретіп тастадық», – деді Қасым Аманжол.

Оның сөзінше, оқырмандар қазір маңызды мәселелерді талқылауға бас ауыртпайтын деңгейге жеткен. Қасым Аманжол мысал ретінде салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанованың сұхбатының қоғамда талқылануын салыстырды.

«Қоғамға қайсысы маңыздырақ? Қосымша құн салығының өсуінен болатын салдар маңызды ма қоғамға, әлде жеке бір әншінің немесе сайқымазақ әртістің жеке өміріндегі мәселе маңызды ма? Екеуінің қайсысы сіздің қалтаңызға, жеке отбасылық бюджетіңізге әсер етеді? Осындай мәселені біз салыстыра алмайтын болдық және біз журналистер өзіміз осыған күтуші болып кеттік. Біз осының «обслугасы» болып кеттік орысша айтқанда. Осы өкінішті. Шын журналист мұндай жағдайда намыстануы керек. Мен «салмақты журналистикамен айналысамын, мынандай дүниелерге бармаймын» деу керек. Өзін-өзі сыйлайтын журналиыст», – деді ол.

Қасым Аманжолдың бұл пікірімен Тұрсынбек Қабатовтың әйелінен сұхбат алған журналист Жанар Байсеміз келіспеді. Ол бұл сұхбаттың үш күнде үш миллионнан қаралым жиналғанын айтты. Сөзінше, бұл өсек-аяң емес, отбасылық құндылық туралы подкаст болған.

«Жалпы, бұл подкаст қазақстандық You Tube арналар арасында рекорд болды. Оны барлығы біледі. Үш күнде үш миллион жинаған орыс тілді контентте жоқ, қазақ тілді контентте жоқ. Қасым Аманжолдың сөзінің мәні бар негізі. Мен де қосыламын. Мен де өзімді Қасым Аманжол айтқан журналистпін деп санайтынмын. «Жеңілтек тақырыптарға бармаймын. Шоу бизнес өкілдеріне қатысым жоқ. Біз қоғамдағы өзекті мәселелерді көтереміз» деген. Менің де ойым сондай болатын. Бірақ салық кодексі мен Мөлдір Мұқанованың подкастын салыстыруға келмейтін шығар. Бәлкім келетін шығар, бәлкім мен қателесемін. Бұл жерде отбасылық мәселе көтерілді. Адамдардың арасындағы шынайылық, адалдық, тазалық. Менің негізі көксегенім ондай хайп жасау болған жоқ. Шынын айтқанда, мен соншалықты қаралым жинайды деп ойлаған жоқпын», – деді ол.

Жанар Байсеміздің сөзінше, біреудің деңгейін түсіруге болмайды. Кез келген адамның оқиғасы өзінше маңызды. Сол себепті де ол кез келген адамнан сұхбат алуға дайынмын деді. Бұған дейін салмақты тақырыптарды қозғағанда өзіне мұндай назар аударылмағанын айтты.

«Біз негізі журналистер бір-бірімізді көре алмаймыз. Бір-біріміздің жақсы жағымызды көрсете алмаймыз. Мына жақта бір керемет бағдарлама шығып жатыр. Мына жақта мынан болып жатыр. Мынандай журналист мынандай деген нәрсені біз көрсетпейміз. Мен соны түсіндім. Сондай өзекті, рухани-танымдық дүние жасаған кезде барлығының ауызына құм құйылады. Ешкім оны көрмейді», – деді Жанар Байсеміз.

Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраева Қасым Аманжолдың пікірін қолдай сөйледі. Ол БАҚ-та хайп тақырыптардың көп екенін және олардың күн тәртібіндегі маңызды, салмақты мәселерді басып кететін айтты.

«Негізінде мен салық реформасына қатысты біз – қоғам жеңілдік деп санаймын. Өйткені қосымша құн салығы 16 пайыз деген өте қымбат. Бұл салық реформасының салдарын біз әлі келесі жылы көреміз. Бұл салық реформасына қоғам, бизнес, тіпті біз медиа саласының өкілдері тойтарыс бере алатын едік егер біздің қоғамның назарын әртүрлі осындай оқиғалармен бұрмағанда. Президент қол қойғаннан кейін Threads-те шу шықты. Оның өзінде бірден Мөлдір шықты. Енді біз білеміз ғой оның кіммен араласатынын. Біздің билікте отырған саяси технологтармен тығыз байланыстағы адамдар бар екенін өте жақсы білеміз», – деді ол.

Бұдан бөлек, Самал Ибраева 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін биліктің саяси технологиясының тәсілдері өте қатаң өзгергенін айтты.

«Қаңтар оқиғасынан кейін тіпті саясатқа араласпаған аудитория өзінің саяси көзқарасын айта бастады. «Гиперборей» You Tube арнасының 700-800 мыңға дейін жазылушылары өсті. Біздің Ulys–тың аудиториясы өсті. Орданың аудиториясы өсті. Азаттықты айтпаса да түсінікті. Сондай бір ұшқын болды. Оның барлығын билік түсінді. Қаңтар оқиғасынан кейінгі үш жылда қарасаңыз, жаңағы оқиғалардың қалай берілгені, қалай оның насихатталғанын көруге болады. Бишімбаевтың, Перизат Қайраттың соты, одан кейін криминал, ананы бауыздап кетті, мынаны өлтіріп кетті деген жаңалықтардан халық басын көтере алмай қалды», – деді Самал Ибраева.

«Жас Қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайл қоғамның назарын өзіне аударып алып кететін хайп тақырыптарды биліктің саяси технологиясы деп айтуға келмейді деді. Оның сөзінше, шоу бизнес өкілдерінің өмірін насихаттау барлық елде бар және ол қазақ журналистикасына да тән.

«Меніңше, мемлекетке оқырманның ойлы журналистиканы оқығаны керек. Себебі кейбір мәселелерде пікір қалыптастыруы керек. Салыққа болсын, көршілермен қарым-қатынас болсын. Сондықтан, мен ойламаймын, үкіметтен не болмаса басқа бір жерден Жанарға немесе Мөлдірге шығып, осыны ұйымдастырыңдар, жұрттың назарын мына жаққа аударып отыр деу меніңше ол қисынға келмейді», – деді ол.

«Кибершабуыл мен аккаунттарды бұғаттау жағдайындағы журналистердің цифрлық қауіпсіздігі»

«Медиақұрылтай» аясында «Кибершабуыл мен аккаунттарды бұғаттау жағдайындағы журналистердің цифрлық қауіпсіздігі» тақырыбы да қозғалды. Бұл сессияда осыдан бірнеше күн журналистер Вадим Борейко, Асхат Ниязов пен саясаткер Санжар Боқаевтың Instagram парақшаларындағы жазбалардың жойылғаны да сөз болды. “Медиақұрылтайға” журналист Дирана Егеубаева, Әсем Жәпішева, Даник Молдабеков белгісіз себептермен қатыспай қалды. Бір күн бұрын Динара Егеубаева Facebook  парағына «Бүгін маған MediaNet-тен хабарласып, іс-шараны ұйымдастырушы Қазақстан баспасөз клубы модератор мен бір спикерді ауыстыруды сұрағанын хабарлады. Яғни, мен және Әсем», – деп жазған. 

Құрылтайдың бұл сессиясында MediaNet ұйымының цифрлық құқық және гендерлік теңдік бойынша жоба менеджері Мөлдір Өтегенова журналистердің әлеуметтік желілердегі парақшаларының жиі бұғатталатынын айтты. Оның сөзінше, танымал журналист, блогерлердің атынан фейк парақша ашу, қорқыту, қысым жасау фактілері жиілегенін.

«Бұғаттаудан бөлек, олар жеке деректерін интернетке шығарып жіберу, олардың атынан фейк парақша ашу, дипфейктермен бетпе-бет келіп отыр. Соның бірі – Асхат Ниязовқа жасалған дипфейк. Мысалы, Самал Ибраева оның атынан Kyzdar.net сайтында парақша ашылғанын айтты. Ол оны өшіруге байланысты қанша уақыт күресті. Бірақ парақша сол күйі өшірілмеді. Оған көптеген хаттар мен қоңыраулар, қоқанлоқы жасалды. Кейде бұндай шабуылдар бір ғана журналиске емес, тұтас редакцияға немесе олардың туыстарына жасалады. Бұл белгілі бір дәрежеде осы редакцияларға жасалған қысым және сөз бостандығын шектеу», – деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің «сараптама және ақпарат» орталығының директоры Михаил Комиссаров цифрлық технологиялардың дамуымен ақпарат саласында қауіп-қатерлердің де жиілегенін айтты. Оның сөзінше, кейбір жағдайларда журналистерге жасалған кибершабуылдардың артында үшінші бір күштердің тұруы мүмкін.

«Бір-екі жыл бұрын өте даулы оқиға болды. Бір жыл ішінде бірқатар редакциялар мен қоғамдық пікір көшбасшыларына онлайн да, офлайн да шабуыл жасалды. Көліктерін өртеді, дүние-мүлкін бүлдірді. Редакцияларға шабуыл жасалды. Кибершабуылдар да болды. Ол жағдайдың кімдердің істегені анықталды. Бұл оқиғаның артында үшінші бір тұлға, өзге елдің азаматы тұрғаны белгілі болды. Оның іс-әрекеті мемлекетті қаралауға бағытталған. Бұл бір жағдай. Бұдан кейін ондай даулы оқиға болған жоқ», – деді ол.

Бұдан бөлек, министрлік өкіліне «Respublika.kz.media» сайтының не себепті бұғатталғаны туралы сұрақ қойылды. Михаил Комиссаров сайт 2012 жылғы сот шешімінің негізінде  бұғатталғанын айтты. Бұған дейін сайт редакциясы сот шешімімен келіспейтінін айтқан.

«2012 жылғы сот шешімі бойынша «Respublika» сайтын бұғаттау бойынша шешім қабылданды. Онда «Respublika» атауымен шығатын ресурстардың барлығына тыйым салынған. Бұл министрліктің бастамасы емес», – деді Михаил Комиссаров.

«Медиақұрылтай» шеңберінде тәуелсіз журналист, “Просто журналистика” You Tube арнасының авторы  Лұқпан Ахмедияров “Әлеуметтік желі және зерттеу” тақырыбында лекция оқыды. Инклюзивті журналистика бойынша талқы болды. Бұдан бөлек, баспасөзге үлес қосқан журналистер марапатталды. Михаил Дорофеев атындағы сыйлық Азаттық радиосының журналисі Сәния Тойкен мен  «Власть» сайтының журналисі Тамара Ваальға берілді.

Тәуелсіз БАҚ өкілдеріне берілетін Михаил Дорофеев атындағы сыйлықты Қазақстан медиақауымдастығы тағайындаған және бизнес ұйымдар қаржыландырады. Сыйлық жоғары кәсіпқойлығымен көзге түскен журналистерге беріледі. Былтыр бұл сыйлық Protenge жобасының негізін қалаушы Жәмила Маричеваға берілген.

Серіктес жаңалықтары