×
512.53
592.43
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.53
592.43
6.53

Депутаттың шағымынан соң қозғалған қылмыстық іс. Темірлан Еңсебектің полицияға не себепті шақырылғаны белгілі болды

Депутаттың шағымынан соң қозғалған қылмыстық іс. Темірлан Еңсебектің полицияға не себепті шақырылғаны белгілі болды
ulysmedia.kz коллажы

Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы, блогер Темірлан Еңсебек тағы да полицияға шақырылды. Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалған. Еңсебек ол бойынша қорғануға құқығы бар куә деп танылған. Парақшада жарияланған постқа қатысты мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин шағым түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.

Депутаттың шағымынан соң қозғалған қылмыстық іс

1 желтоқсанда Темірлан Еңсебек Алматының Әуезов аудандық полиция бөліміне шақыртылды. Адвокат Жанар Балғабаеваның Ulysmedia-ға айтуынша, Qaznews24 сатиралық парақшасының үстінен мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин шағым түсірген. Осыған байланысты қылмыстық кодекстің 274-бабы «жалған ақпарат тарату» бойынша іс қозғалған. Парақшадағы қандай жазба үшін іс қозғалғаны белгісіз.

«Менің қорағуымдағы азамат осы парақшаның авторы болған. Оны 2025 жылдың қаңтарына дейін жүргізген. Тергеу изоляторына қамалғаннан кейін парақшаға ешқандай қатысы болмаған. Кейіннен сот шешімімен шыққан. Ол бойынша кез келген әлеуметтік желіні жүргізуге тыйым салынған», – деді ол.

Балғабаева тергеу мұнымен аяқталған жоқ деп есептейді. Ол бүгінгі тергеуде барлық сұрақтарға жауап бердік деді.

«Мұның барлығы ақылға қонымсыз деп есептеймін. Осы арқылы олар керсінше, осы жаңалыққа және өзіне назар аудартып отыр деп ойлаймын. Бұл әдейі жасалып отыр ма, жоқ әлде басқа ма білмеймін. Бірақ бұның барлығы шағым түсіргендердің өздеріне қарсы жұмыс істейді. Сатиралық жаңалық үшін қудалау арқылы Қазақстан сөз бостандығы рейтингінде кері кетіп жатыр. Сатиралық жаңалық үшін қудалау заңсыз деп есептеймін», – деді адвокат.

Ulysmedia мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге хабарласты. Бірақ оның телефоны сөніп тұр. WhatsApp және Facebook мессенжеріне сұрақтар жолдады. Материал жарияланған уақытта ешқандай жауап келмеді.

Шартты жаза мен тыйым

Алматы соты биыл сәуірде Темірлан Еңсебекті «араздық қоздыру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға шартты жазаға кескен. Оған журналистік, құқық қорғау және саяси қызметпен айналысуға, волонтерлік және қайырымдылықпен айналысуға, бейбіт жиындарға қатысуға тыйым салынған.

Іс бойынша айыптау актісінде Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы 21 қаңтарда өзі жүргізетін пабликте «орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын»трек жариялаған. Еңсебек «Йоу, орыстар» деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда «Йоу, орыстар» әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 тәулікке қамалған.

Темірлан Еңсебектің өзі тағылған айыппен келіспеген. Істің саяси астары барын айтқан. Блогердің үстінен іс қозғалған уақытта оның жақтастары бірнеше қалада «Сатира қылмыс емес» деген наразылық акциясына шыққан. Акцияға шыққандардың кейбірі 15 тәулікке қамалып, кейбіріне айыппұл салынған.

Жабылған парақша

Тамыз айында Qaznews24 қысымға байланысты жұмысын тоқтатқанын хабарлаған.

«Күштік құрылым органдарының редакция мүшелерінің туыстарына жасаған қысымы мен жаңа тергеп-тексеру амалдарының басталуына байланысты біз агенттікті жабуға шешім қабылдадық. Қазіргі жағдайда біз жұмысымызды жалғастыра алмаймыз. Осылайша, Конституция кепілдік берген өз құқығымыз бен сөз бостандығын қорғай алмаймыз»,– делінген сол уақытта парақша авторлары таратқан хабарламада.

Qaznews24 сатиралық парағы 2020 жылы ашылған. Жабылғанға дейін 94 мыңға жуық жазылушысы болған.

Темірлан Еңсебектің үстінен 2021 жылы да 274-бап «көрнеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ кейіннен қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.

Серіктес жаңалықтары