×
519.61
610.13
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.61
610.13
6.54

Бір алаң, екі түрлі қоғам: Алматы жұртшылығы тәуелсіздік күнін қалай атап өтті?

Бір алаң, екі түрлі қоғам: Алматы жұртшылығы тәуелсіздік күнін қалай атап өтті?
ulysmedia.kz

16 жетоқсан – тәуелсіздік күні Алматы жұртшылығы желтоқсан құрбандарын еске алып, ескерткішке гүл қойып, құран бағыштады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Алаң

Бүгін Алматының орталық алаңына желтоқсаншылар мен азаматтық белсенділер жиналды. Олар тәуелсіздік монументі мен желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішке гүл қойып, құран бағыштап, боздақтарды еске алды. Кейбірі әнұран мен «Атамекен» әнін айтты.

Мирболат Мырзатайұлына бостандық талап еткен желтоқсаншылар

Алаңға жиналған желтоқсаншылар биыл қарашада қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі «Алауыздық қоздыру» бойынша 4 жылға сотталған белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлын босатуды талап етті. Кейбірі өлең оқыды.

«39 жыл қара жамылып жүрдік. Бұл мейрам – жеңіске жеткен күніміз. Егемендікті алған күніміз. Егемендігіміз ұзақ болсын. Біздің егемендігімізде осындай Мирболат сияқты азаматтарымыз көп болуы керек. Бұларды қамауда ұстап, ешқандай күнәсізден-күнәсіз қудаламаңыздар. Халықтың ашуына тимеңіздер. Қанша ай болды міне жүгіріп жатырмыз осы Мирболат, Мирболат деп. Ешқандай жазығы жоқ Мирболаттың, босатыңыздар», – деді өзін желтоқсаншымын деп таныстырған Бақытгүл Дәрмешова.

Мирболат Мырзатайұлының туыстарының сөзінше, Мирболат 15 жасында техникумда оқып жүргенде Желтоқсан оқиғасына қатысқан.

Әкімдік ескертуі

Желтоқсаншылар мен Мирболат Мырзатайұлының туыстары жиналған жерге Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының қызметкері келіп, «сіздер заңсыз митинг өткізіп жатырсыздар, бұл жиынға рұқсат берілмеген» деп ескерту жасап, жиынды тоқтатуды талап етті.

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңға сәйкес, бейбіт жиналыс өткізуші жергілікті атқарушы органға бес жұмыс күні ішінде хабарлама береді. Алайда сіздердің тараптарыңыздан хабарлама келіп түскен жоқ. Осыған орай, жиындарыңыз заңсыз екенін ескертемін. Заңсыз жиындарды ұйымдастыруға және қатысушыларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – деді ол.

Мирболат Мырзатайұлын 13 қарашада Алматының Медеу аудандық №2 соты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі («Алауыздық қоздыру» бабы) бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сот блогерді қауіпсіздігі орташа түрмеде жазасын өтеуге жіберді.

Айыптау актісінде блогердің 2025 жылғы сәуірде Алматыдағы мекеменің кеңсесіне барып, «мекеме басшысымен жанжал барысында» «ұлт араздығын қасақана қоздыруға кіріскені»жазылған. Актіге сүйенсек, блогер мен мекеме басшысы арасында келіспеушілік тілге қатысты туындаған. Мирболат Мырзатайұлы өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

«Бостандық рухы азайған»

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бостандық рухы азайған деді. Оның сөзінше, қоғам ретінде қазір осындай кері кету процесі жүріп жатыр.

«1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісті алып қарайық, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін алып қарайық, тіпті 2011 жылғы Жаңаөзендегі қанды қырғында, күні кешегі 2022 жылғы Қаңтардағы қанды қасапты, қасіретті... Бір ғасырда ішінде осыншама алапат жағдайдың қазақ халқының басынан өтуі нені көрсетеді? Ол біздің өз елімізде, тәуелсіз саналған елімізде шын еркіндікке, тәуелсіздікке жете алмағанымызды көрсетеді. Оған кім кінәлі? Ойлап қарайықшы. Билік пе, сондай саясат ұстанған, авторитарлы-тоталитарлы жүйені орнықтырған. Кешегі советті идеология, компартияның саясаты дейміз бе? Рас олардың барлығы бар. Ал неге бүгін біз басқаша өмір сүрмейміз? Неге егеменді, тәуелсіздік алған қаза мемлекетінде қайта-қайта мына алаңымыз қанға боялады...», – деді ол Ulysmedia тілшісіне.

Рысбек Сәрсенбайұлының сөзінше, қазір түрмеде «саяси тұтқындар» отыр. Ол мысал ретінде сот үкімімен «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты» деген айыппен кінәлі деп танылып, қамауда отырған тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрім мен марафоншы, оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевты айтты.

Ерте келіп, ерте кеткен әкім

Бұдан өзге, таңертең ерте қала әкімі Дархан Сатыбалды да тәуелсіздік монументіне келіп, гүл қойған. Шараға әкімдік өкілдері мен қаладағы әртүрлі ұйымдардың өкілдері қатысқан. Ресми шара бас-аяғы жарты сағатқа созылып, таңғы 9-да аяқталған.

Былтыр да Алматы әкімдігі тәуелсіздік күніне арналған ресми шараны таңертең ерте өткізген. Сол кездегі қала әкімі Ерболат Досаев та таңертең ерте әкімдік өкілдерімен бірге алаңға келіп кеткен.

Қала тарихында тәуелсіздік күні алаңға келіп, гүл қойып, ресми шараға қатыспаған да әкімдер болған. Мысалы, Алматы қаласын 2008-2015 жылдары аралығында 8 жыл үздіксіз басқарған Ахметжан Есімов ел есінде «Тәуелсіздік күні туған күніммен тұспа-тұс болғандықтан қалада болмаймын. Қала сыртында демалғанды құп көремін» деген сөзімен ел есінде қалған.

Серіктес жаңалықтары