×
504.6
594.27
6.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.6
594.27
6.48

Алматы соты журналист Олег Гусевті соттады

Алматы соты журналист Олег Гусевті соттады
ulysmedia.kz коллажы

Алматының Алатау аудандық соты журналист Олег Гусевті кінәлі деп танып, 3 жылға шартты жазаға кесті. Оған дәл осы мерзімге журналистік қызметпен айналысуына тыйым салды, деп хабарлайды Ulysmedia.

29 желтоқсанда өткен сот процесінде судья Талғат Дәулетниязов қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі «жеке өмірге қол сұқпау заңнамасын бұзды» бойынша айып тағылған Олег Гусевті кіләлі деп танып 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты жазаның үштен бір бөлігін қысқартып, түпкілікті 3 жылға шартты жазаға соттады. Ол сот шешімімен пробациялық бақылауға алынып, 3 жылға журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынды.

Олег Гусев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол сотта сөйлеген соңғы сөзінде істің қолдан құрастырылғанын айтып, бұл жалғыз оған емес, жалпы журналистер қауымына қарысы қозғалған іс деп атады. «Елена Сәдуақасованың жеке деректерін жарияламадым» деді.

23 желтоқсанда өткен сот отырысында прокурор журналисті 4 жыл түрме жазасына кесуді сұраған.

«Бұл істі тұтас журналистер қауымына қатысты деп қабылдауға болады»

Үкімнен кейін Ulysmedia тілшісі сотқа қатысушы тараптармен сөйлесіп көрді.

Олег Гусев сот үкімін қолына алып, танысқаннан кейін апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

«Бұл іс жеке Гусевке ғана емес, тұтас журналистік қауымға қатысты деп қабылдауға болады. Үкім заңды апелляциядан кейін заңды күшіне енуі мүмкін, құдай сақтасын, әрине. Алайда, солай болған жағдайда болды. Одан кейін бәрі бірінен соң бірі қамауға алынуы да ғажап емес. Өйткені кез келген мәтіннен «дұрыс есеч» деп танылатын бір сөзді тауып алу қиын емес. Мұндай жағдай біз үшін түсініксіз. Мен судьяны қате шешім шығарды деп отырған жоқпын. Дегенмен, алдымен үкімнің мәтінімен толық танысып, жан-жақты ой елегінен өткізгіміз келеді. Содан кейін ғана тиісті апелляциялық шағымдарды дайындаймыз», – деді ол Ulysmedia тілшісіне.

«Осы бап бойынша журналистер бұған дейін де қудалауға ұшыраған»

Олег Гусевтің адвокаты ЖоҺар Өтебеков та журналисті қуаттай сөйледі. Ол «Гусевтің үстінен іс қозғалған бап журналисттерге арналған бап деп айтуға толықтай негіз бар» деді.

«Сот Гусевті басқа бір журналистің мақаласына сілтеме жариялағаны үшін айыпты деп таныды. Аталған мақалада Сәдуақасованың белгілі бір «есепте» тұрғаны туралы мәлімет келтірілген, ал сот мұны жезөкшелікке қатысты ишара ретінде бағалады. Дәл осы бөлігі бойынша біз сот үкімімен келіспейміз және оны міндетті түрде апелляциялық тәртіппен даулаймыз. Өйткені журналист өзге бір журналистің материалы үшін, әсіресе оны өзі түсіндірмеген, қолдамаған әрі оған пікір білдірмеген жағдайда, жауапкершілікке тартылмауы тиіс. Гусевтің мақалаларында жезөкшелік туралы бірде-бір сөз жоқ. Бұл мәселеның мақала мазмұнына мүлде қатысы жоқ... Осы бап бойынша журналистер бұған дейін де қудалауға ұшыраған. Мәселен, Михаил Казачков дәл осы бап бойынша сотталған. Сондай-ақ Талдықорғанда журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты да осындай қудалау болғаны белгілі, тек оның ісі кейін тоқтатылған. Демек, бұл аталған бап бойынша журналистерге қатысты кемінде үшінші ашық түрде қозғалған іс. Сондықтан бүгінгі үкімді бүкіл журналистік қауым үшін жағымсыз әрі қауіпті прецедент деп бағалауға толық негіз бар», – деді адвокат.

«Гусев тым жеңіл жазаға кесілді»

Іс бойынша жәбірленуші деп танылған Елена Сәдуақасова үкіммен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, Олег Гусев тым жеңіл жазаға кесілген.

«Менің жеке деректерім жария болып кетті, бүкіл Қазақстанға масқара етті. Алла куә, мен өзімнің «ең көне кәсіптің өкілі» ретінде есепте тұрғаным туралы мүлде білмедім. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Прокуратура да, полиция да нақты жауап берген жоқ, ешкім ештеңе білмейді. Ал менің өмірім тас-талқан болды. Отбасым бар, балам буллингке ұшырады. Ал Гусев болса, жеңіл ғана құтылып кетті. Біз Гусевтің Сергей Кимнің адамы екенін білеміз. Оның мақалаларын оқыңыздар. Үш журналист мені ашық түрде буллингке ұшыратты, қорлады, аяққа таптады. Мен оларға халықтан ақша бопсалауға жол бермедім, соның салдарынан өзім жапа шектім», – деді Елена Сәдуақасова.

«Істі сөз бостандығымен немесе цензурамен байланыстыру орынсыз»

Елена Сәдуақасованың қорғаушысы Мұрат Адам сот үкімімен толық танысқаннан кейін ғана апелляцияға беру немесе бермеу мәселесін шешетіндерін айттың. Оның сөзінше, 147-бабының 5-бөлігі «жеке өмірге қол сұқпау заңнамасын бұзды» сөз бостандығы мен журналистік қызметке қарсы бап емес. Оны 274-баппен салыстыруға болмайды.

«Гусевке тағылған айып оның журналистік кәсіби қызметіне қатысты бап бойынша емесқозғалған жоқ. Бұл іс «бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат тарату» бабы бойынша емес, бұл «жеке деректерді заңсыз жариялауға байланысты» іс. Дәл осы жайт бірінші сатыдағы сотта толық дәлелденді. Сондықтан бұл істі сөз бостандығымен немесе цензурамен байланыстыру орынсыз. Мұнда мүлде өзге құқықтық нормалар қарастырылған. Бұл ұғымдарды бір-бірімен теңестіруге немесе шатастыруға болмайды. Сот бүгін қабылданған шешімнің себептері мен уәждерін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті», – деді адвокат.

Олег Гусев 2023 жылы Алматыдағы «Кенжехан» базарының жаңа иелері мен базар орындарын жалға алушы саудагерлер арасындағы дау туралы мақала жазған. Тараптардың бірі туралы жазған кезде ол «азаматтың жеке және отбасылық құпия дерегін ашты» деп айыпталып отыр. Атап айтқанда, журналист сол адамның бірнеше рет сотқа тартылғанын жазған.

Айыптау жағының айтуынша, Гусев жәбірленушінің «іскерлік беделіне нұқсан келтіру мақсатында» мұны «қасақана жасаған».

«Ашық дереккөзден алынған деректерді жариялау қылмыс па?»

Іс журналистер қауымдастығы арасында резонанс тудырды. Қоғамда «ашық дереккөзден алынған деректерді жариялау қылмыс па?» деген сұрақ қозғалды.

Адам құқығын қорғау бюросының жазуынша, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ақпарат комитеті адамның соттылығы жөнінде мәлімет «ашық ақпарат» саналатынын растаған.

Сот биыл қазанда басталған. «Гусев ісіне» баспасөз қорғау ұйымдары да алаңдаушылық білдірген.

«Журналисті көпке қолжетімді деректі пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тарту талпынысы тек ұлттық заңнама емес, сонымен қатар заң үстемдігі қағидаттарына да қайшы келеді», — деп мәлімдеген «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жоғарғы сот пен бас прокуратураға жолдаған ашық мәлімдемесінде.

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының 2025 жылға арналған баспасөз еркіндігі есебінде Қазақстан 180 елдің ішінде 141-орын алған. Ұйым Қазақстанда «тәуелсіз медиа еркін жұмыс істей алатын жалғыз кеңістік – интернетті бақылау күшейді»деп мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары