×
504.76
593.8
6.5
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.76
593.8
6.5

«Соңына дейін отырамын» – Жауғашты түрмесіндегі Әйгеріммен әңгіме

«Соңына дейін отырамын» – Жауғашты түрмесіндегі Әйгеріммен әңгіме
ulysmedia.kz коллажы

Тамақ толы дорба, суық бөлме, қамаудағы жақындарымен кездесуді күтіп, терезеге телміре қараған адамдар, үрген ит пен темір тормен қоршалған биік қорған. Алматы облысындағы «Жауғашты әйелдер» түрмесіндегі бүгінгі жаймашуақ күндегі ызғарлы көрініс осындай. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде «Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырды» деп айыпталып, 4 жылға сотталған саяси белсенді Әйгерім Тілеужанның абақтыда отырғанына екі жылдан асты.

Алматыдан Жауғаштыға дейін көлікпен 30-40 минутта жетуге болады. Жол бойында бұл ауылда әйелдер түрмесі барын айқындайтын бірде-бір белгі байқалмайды. Қаламен екі ортадағы тас жолда көліктер ағынында дамыл жоқ. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан алуан түрлі автокөлік. Негізгі жолдан Жауғашты ауылына бұрылған сәтте ғана көлік ағыны азайып,  уақыт тоқтап қалғандай әсерде қаласың. Әйелдер колониясына дейін алып баратын жол қырық жамау. Маңайдағы үйлер мен түрме ғимараты өте ескі.

Колонияның негізгі қақпасы айқара ашық тұр. Қызметтік көліктер, жедел жәрдем мен азық-түлік таситын автокөліктер кіріп-шығып жатыр. Түрме әкімшілігі отыратын бір қабатты ғимараттың абақты жақ бұрышындағы есік маңына жиналған адамдардың қарасы көп. Бірі кіріп, енді бірі шығып жатыр. Қамаудағы жақындарымен кездесуге келген адамдарға арналған бөлмеге кіреберіс есік осы екен.

Бөлме іші тар әрі өте ескі. Адамдардың кейбірі тұрып, енді бірі отыр. Егде тартқан бірнеше адам орындықтарын жылыту батареясына қарата тартып, терезеге қарап, ішке кіруге түбіртек беретін колония қызметкерін күтіп отыр. Ас-ауқат салынған дорбалар қабырғаға жағалай қойылған.

Бір, бір жарым сағат уақыт өткенде колония қызметкері келді. Ол кезде бөлме ішіндегі адамдардың барлығы дерлік сыртқа шығып кеткен. Барлығы күн жағалап, бойын жылытып жүр. Құжаттар жиналып, түбіртек берілген соң барлығы кезек-кезек колония ішіне кірді.

Мереке болғандықтан ба, жоқ әлде күнделікті көрініс осындай ма, белгісіз, әйтеуір есікте тексеріп тұрған түрме қызметкерлері жайдары. Колонияға кіреберісте телефон, әмиян, кілт, сияқты заттарды алып қалып, аяқ киіміңнен бастап, бас киіміңе дейін тексеріп, кіргізіп жатыр.

Сотталушылармен қысқа кездесуге екі сағат уақыт беріледі. Кездесу бөлмесінде бес кабинка қойылған. Әрқайсында телефон орнатылған. Бірақ онсыз да шынының ар жағындағы адамның дауысын еркін естуге болады.

Алғашқылардың бірі болып бөлмеге Әйгерім Тілеужан кірді. Басында қара түсті бас киім мен үстіне түрме робасын киген. Кеуде тұсында аты-жөні мен «20.11.2023-20.03.2027. Судим на 4 года» деген жазуы бар.

Әйгерім Тілеужан 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде «Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырды» деген айыппен 2023 жылы 11 шілдеде сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Сол уақытта ол өзіне тағылған айыппен келіспеген, істі «саяси тапсырыс» деп атаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп таныған. 

Сот Әйгерім Тілеужанмен бірге тағы төрт адамды айыпты деп танып, әрқайсын 8 жылға бостандығынан айыру және жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеу жөнінде үкім кескен. Оларға «тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ғимаратқа шабуыл жасау», «көлікті айдап кету», «тонау» баптары бойынша айып тағылған. 

Фото: Orda.kz

Әйгерім кеудесіндегі жазуды көрсетіп, бостандыққа шығуына бір жыл ғана уақыт қалғанын айтты. Қамауда отырса да елдегі қоғамдық-саяси оқиғалардан хабардар.

«Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина газет жіберіп тұрады. Көп рахмет оған. «Новая газета», «Жас Алаш», «Дат» газеттері келіп тұрады. Басынан аяғына дейін оқимын», – деді ол.

«Абақтыдағы ермегім газет пен кітап» деп, көзілдірігін түзеп, «Мына жерде тіпті уақыт жеткізе алмай қаласың. Сендердің алдыларыңа боянбай шықтым» деп қалжыңдады.

Әйгерім түрмеге бейімделу оңайға соқпағанын айтты. Бірақ «мерзімінен бұрын босатуға өтініш беруге ниетім жоқ. Соңына дейін отырып шығамын» деді.

Денсаулығына да шағымы жоқ, тісін жеке емханаға емдеткенін, денесіне шыққан жараны да ұзаққа созылса да кестіріп алдырған.

Биыл қарашада Әйгерім Тілеужанның ауруханаға жатқызылғаны туралы айтылған. Сол уақытта адвокат Айнара Айдарханова:

«Әйгерімнің қолы кісендеулі, ал палатада тор тұр. Бірақ толық тексеру болатыны – прогресс. Денсаулығы нашарлағанын айта бастағалы сегіз ай болды», – деген.

Екі сағатқа созылған әңгіменің соңында Әйгерім “жеке адамдардың басында қиындық болар. Оны әркім, әртүрлі қабылдайды. Мен Қазақстанның болашағына сенемін. Ең бастысы депрессияға түспеу керек” деді. Ол әйнек кабинканың ар жағында қалды. Біз құжатымызды алып, колониядан шығып кеттік...

Серіктес жаңалықтары