Әлеуметтік желіде өзін коуч ретінде таныстыратын Бақытбай Сабырбек ерекше баланы тәрбиелеп отырған ананы көпшілік алдында қорлап, жеке өміріне тіл тигізген видеосы үшін қазақстандықтардың жаппай наразылығына ұшырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Желіде тараған видеода ол өз семинарларының бірінде отырған көпбалалы әйелге қатысты орынсыз әрі кемсітетін сұрақтар қойып, оның сырт келбеті мен жеке тағдырына баға бергені көрінеді.
Сабырбек әңгімесін әйелдің жасын сұраудан бастайды. Ол 38 жастамын деп жауап берген кезде, коуч:
- Мен сізді шамамен 48 жаста шығар деп ойладым! Қатты шаршағансыз! 42 жаста болса да менімен шамалас көрінетін әйелдер отыр ғой. Алты баласы бар. Неге өзіңізге қарамайсыз?, – деп әйел адамның сыртқы келбетіне тиіседі.
Әйел ерекше баласы бар екенін айтқан соң, коуч әңгімені мүлде басқа арнаға бұрады.
- Сіз қалай ойлайсыз, бұл бала неге дамымай жатыр? , - деп сұрайды коуч.
Анасы бұл сұрақпен көп жылдан бері күресіп жүргенін, баласымен ауруханадан шықпай жүргенін, барлық өмірін соған арнағанын айтады. Соның арқасында баласы оны тани бастағанын, құшақтайтынын, бірақ әлі сөйлемейтінін жеткізеді.
Осыдан кейін коуч әңгімені әйелдің жеке өміріне аударып, жүктілік кезіндегі қарым-қатынастарын, ер адамдарға деген көзқарасын талқылай бастайды. Әйел сол кезеңде бизнеспен айналысқанын, өзіне тым сеніп, жақындарынан алыстағанын мойындайды.
Сол сәтте Сабырбек баланың диагнозын ананың дүниетанымымен байланыстырып, былай дейді:
- Сіздің санаңызда барлық ер адамдар әлсіз. Әкеңіз де, күйеуіңіз де әлсіз. Сондықтан балаңыз да сондай болып шыққан. Ал бала әлсіз болғысы келе ме? Жоқ. Сол себепті ол ауырады әрі дамымай отыр, – дейді коуч.
Бұл сөздер қоғамда үлкен резонанс туғызды.
ҚАЗНЕТ РЕАКЦИЯСЫ
Желі қолданушылары коучтың әрекетін адамгершілікке қарсы, ғылыми негізсіз және қорлау деп бағалады. Кейбір қолданушылар Бақытбай Сабырбекті жауапқа тартуды, ал әйелден көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етті.
Бұл жағдайға қатысты журналист Гүлбану Әниятқызы өз ойын жеткізді.
- Осындай адам тағдырымен ойнайтын псевдопсихологтарды жауапқа тарту керек. Мынау деген масқара ғой! Айналайын, ерекше баласы бар Аналар. Ешқашан өзіңізді кінәламаңыз. Күйзеліске түсіп, қиналсаңыз оқыған, білімді психологтан ақыл емес, терапия (ем) алыңыз. Өзіңізді осылай қорлатпаңызшы, – дейді журналист.
Коучтың өзі бұл сөзін түсіндіруге тырыспаған.