×
482.53
555.44
5.92
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
482.53
555.44
5.92

Даулы сұхбат, айыппұл мен сын: Жанар Байсеміздің оқиғасы прецедент бола ала ма?

Даулы сұхбат, айыппұл мен сын: Жанар Байсеміздің оқиғасы прецедент бола ала ма?
Ulysmedia.kz коллажы

Журналист Жанар Байсеміздің ислам дінінің өкілі Құрбанәлі Ахметтен алған сұхбаты әлеуметтік желіде дау туғызды. Сұхбатта спикер екінші әйелін қайын атасы «сыйға» бергенін, отбасылық жанжалдан кейін онымен ажырасып, өзінің шәкіртіне үйлендіргенін айтады. Желі қолданушыларының бірі мұны «әйел құқығын таптау, оған тауар есебінде қарау» десе, енді бірі осындай пікір айтуға мінбер ұсынып отырған журналисті сынап жатыр. Бірақ Жанар Байсеміз бен Құрбанәлі Ахметті қолдап жатқандар да аз емес. Олар журналисті – кәсіби маман, ал спикерді – теолог ғалым деген уәж айтуда.

ДАУЛЫ СҰХБАТ

Журналист Жанар Байсеміздің You Tube арнасында Құрбанәлі Ахметтің сұхбаты екі апта бұрын жарияланған. Ол осы уақытқа дейін 340 мыңнан астап қаралым жинаған.

Сұхбат барысында Құрбанәлі Ахмет екінші әйелін қайын атасы «сыйлағанын», бес баласы барын, отбасылық жанжалдан кейін оны шәкірттерінің біріне үйлендіргенін айтқан. Сөзінше, әйеліне шәкірттерінің арасынан ұнатқанын таңдауға мүмкіндік берген.

«Ол «қабырғам» [әйелім] кейін менімен ұрсысып қалдық. «Болды, мен сенімен ажырасамын. Мен байға тиемін» деп жынданды. «Сен ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін» деп, өзімнің жақсы шәкіртіме үйлендірдім кейін», – дейді ол сұхбатта.

АЙЫППҰЛ

Бұл сөздер әлеуметтік желі мен қоғамда қызу талқыға түскеннен кейін Құрбанәлі Ахметке айыппұл салынды. Алматы қаласының полициясы мен мемлекеттік органдары жүргізген тексеру нәтижесінде сұхбатта айтылған кейбір пікірлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келетіні, сондай-ақ қоғамдық сана мен конфессияаралық келісімге кері әсер етуі мүмкін екені анықталған.

Сонымен қатар, сұхбатты жариялаған журналист те жауапкершілікке тартылған. Полиция өкілдерінің айтуынша, заңға қайшы мазмұндағы ақпаратты тарату да құқықбұзушылық болып саналады.

Қазақстанда діни неке қию рәсімін өткізу үшін АХАТ органдарында тіркелген заңды неке куәлігі болуы тиіс. Онсыз діни неке қиылмайды.

«АҚТАЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ»

Жанар Байсеміздің өзі даудан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді. Ауырып жатқанын айтып, желіде айтылып жатқан дүниенің барлығы өткінші екенін жазды.

«Ешкіммен жауласқым да, дәлелдегім де, ақталғым да келмейді. Бәрі өткінші», – деп жазды ол.

Ulysmedia тілшісі Жанар Байсемізге хабарласып көрді. Бірақ телефоны сөніп тұрды.

«ЖУРНАЛИСТ ҚАТЕЛІГІ»

Журналист, медиа сарапшы Есенгүл Кәпқызы дау туғызған сұхбаттың мақсаты не екені түсініксіз және полемика жоқ дейді. Сөзінше, ол журналистің кемшілігі. Себебі журналист қандай спикер шақырғанын алдын ала білді, оның қоғамда дау туғызатын пікір айтуы мүмкін екендігінен де хабардар.

«Қазақстан зайырлы мемлекет. Осы зайырлылық тұрғысынан журналист адам құқығы, әйел құқығы туралы мәселені көтеру керек еді. Ол оны көтермейді. Сөйтеді де, «әйеліңізді қабырға дейсіздер ме?» деп таң қалып отырады. Одан кейін «екінші әйелімді әкесі «сыйлай» салды» дегенге де көз жұмып қарайды. «Қалай сонда, әйел сіз үшін тауар ма?» деген сияқты сұрақтар қойылуы керек еді. «Әйелімді шәкіртіме үйлендірдім» дегенде де дәл солай. «Баяғыдағы феодалдық дәуірде қалып қойғансыздар ма?» деген сияқты сұрақтар қою керек еді. Ақыры оны өзінің эфиріне шақырып отыр. Тізгін өзінің қолында», – дейді ол.  

«КЛИКБЕЙТ ТАҚЫРЫППЕН КӨРЕРМЕН ТАРТУ»

Есенгүл Кәпқызының сөзінше, қазір журналистер қаралым жинау үшін қоғамда дау туғызатын пікір айтатын адамдарды сұхбатқа шақыруды әдетке айналдырған. Осы арқылы кликбейт тақырыптар қойып, көрермен, оқырманды әдейі дау-дамайға итермелейді.

«Журналистің негізгі мақсаты – қоғамдық мүддемен қабысу. Қоғамдық мүдде қандай бізде? Қазір онсызда патриархалды Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер өте көп. Онсыз да бәйбіше-тоқал мәселесінен зардап шегіп, құқығы тапталып жатқан әйелдер өте көп. Бұл жерде ешқандай қоғамдық мүдде жоқ, менің түсінігімде. Бұл жерде кликбейт дейді ғой, сол арқылы жәй ғана арнасына адамдарды тарту», – дейді медиа сарапшы.

Қазақстан медиа кеңістігінде журналист, блогерлер көп әйел алу, тоқал тақырыптарына жиі барады және ол қоғамда, желіде өте қызу талқыланады. Мәселен, мәжіліс депутаты Абзал Құспан былтыр журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында «тоқалдықты заңдастыру қажеттігін» айтып, оның арты үлкен дауға ұласқан.

Бұдан бөлек, былтыр қарашада журналист Қанат Тілеухан ақын Бақыт Беделханнан сұхбат алып, оған «Қатын құтырған заман» деп тақырып қойды. Сұхбатта Бақыт Беделхан әйел құқығын талап еткен адамдарды психологтардың ықпалына түскендер деп атап, қазақ әйелдерін «шынжырынан босаған итке» теңеген.

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Кейінгі жылдары Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбы көп талқыланды. Құқық қорғаушылар Қазақстанда «барлық деңгейде фемицид барын» айтады. БҰҰ есебінше, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Ал елде әйелге қарсы зорлық-зомбылықтан соң қозғалған істердің 40 пайызы ғана сотқа жетеді.

2024 жылы 31 жастағы Салтанат Нүкенованың өлімі Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікірталасты күшейтті. 44 жастағы бұрынғы шенеунік Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жолдасы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталып, 24 жылға сотталды. Осыдан кейін Қазақстан билігі «әйел құқығы мен балалар қауіпсіздігін қорғауға бағытталған» заң жобасын қабылдады.

Серіктес жаңалықтары