Өткен аптадан бері желіде композитор Қуат Әбілов пен әнші Баянсұлу Сағындықова арасындағы дау қызу талқылануда. Тараптар бір-біріне кезек-кезек видеоүндеу жолдап, сес көрсетті. Дау соңғы уақытта халық арасында кеңінен тараған 5 әннің тағдырына қатысты туындаған.
Орындаушы мен сазгердің жанжалында көпті елең еткізгені – талап етілген қаламақының көлемі. Әбілов әр әні үшін 30 мың доллар сұраған.
Қазақстанда бір әннің құны осындай болса, неліктен бай-бағландар тізімінде әлі күнге дейін қазақтың бір ақыны, не композиторы жоқ? Отандық әншілердің репертуарындағы «хит» шығармалардың авторлары шын мәнінде қанша қаламақы алады? Елде ақындар мен композиторлардың еңбегіне ақы төлеудің заңды тетігі бар ма? Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеді.
«ЕҢ ТӨМЕНГІ БАҒАМ – 1000 ДОЛЛАР»
Қазақ эстрадасында талай әншінің бағын ашқан танымал әндердің авторларынан өз шығармалары үшін қанша қаламақы алатынын сұрадық. Олардың бірі қазақылыққа салып, әншілердің бергенін алса, енді бірі әр әнге нақты баға белгілейтінін айтады.
Мәселен, Айгүл Иманбаева шырқайтын «Таңғы елес», Медеу Арынбаевтың ән қоржынындағы «Дариға жүрек», Қайрат Нұртастың жұлдызын жаққан «Арман», «Ауырмайды жүрек», басқа да елге таныс көп әннің авторы Бауыржан Есебаев әр туындысының бағасы жұмсалған ресурсына қарай қойылатынын жеткізді.

«Әр әннің құны әртүрлі. Қалыптасқан баға жоқ. Мысалы, бір мекеменің гимнын 4000 долларға саттым. Ең төменгі бағам – 1000 доллар. Әркім бағасын өзі қояды. Төккен теріне, жұмсаған уақытына қарай», – дейді композитор.
Бауыржан Есебаевтың айтуынша, әнді орындаушыға берерде қазақ сазгерлерінің көбі құжатты құнттай бермейді.
«Әрине, абзалы, әнші де, композитор да мәселенің басын ашып алғаны дұрыс. Көбіне құжатқа көңіл бөлмейміз. Ақша түскенше дүниесіне кімде болса салғырт қарайды. Тек ән хитке айналып, қаражат тауып бастағанда ғана таласып, әркім өзіне тартып рәсімдей бастайды. Бұл – бизнестің заңы», – дейді композитор.
«МИЛЛИОНДАП ҚАЛАМАҚЫ СҰРАУ КӨҢІЛІМЕ ҚОНБАЙДЫ»
Композитор Ерғали Көшербаевтың пікірінше, қазақтың ақындары мен сазгерлері ұлттық ұстынды ұмытпағаны жөн. Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Дәурен-ай», Қайрат Нұртастың репертуарындағы «Өкпелей берші», Динара Кемелханды халыққа танытқан «Қара шаңырақ» секілді мазмұнды әндерді жазған сазгер бір ән үшін миллиондап қаламақы сұрау қазақы қалпымызға жат нәрсе деп есептейді.
«Шамам келгенше есті, мәнді әндер жазуға тырысамын. Сол ниетіме орай көбі халықтың көңілінен шығып жатады. Бірақ маған қомақты ақша төлеген ешкім жоқ. Рахметім деп ат мінгізіп, шапан жапқандар болды. Қазақы қалпымызға тән нәрсе ғой. Ұлтымыздан асып қайда барамыз? Агенттері арқылы жұмыс істейтін, жүз мыңдап көрермен жинайтын шетелдің әншілеріне ән жазып жатпаған соң, бір ән үшін миллиондап қаламақы сұрау көңіліме қонбайды. Өзіме қазақилық ұнайды. Қазақша келіскенге не жетсін! Бір жылқың деп кейде 300-400 мың теңге беріп жатады», – дейді сазгер.

Көшербаевтың айтуынша, кей авторлар «Шіркін, әнімді мына әнші орындаса ғой» деп армандап жүреді. Қалауы орындалса, ешқандай ақы күтпей, туындысын сол әншіге сыйлап жіберу композиторлардың көбіне тән қасиет екен. Алайда орындаушылардың бәрі сыйға – сыймен жауап бермейді.
«Жазған әндерімді авторы мен екенімді атамай, талай жыл орындағандар болды. Керісінше, жүрген жерінде өзінен бұрын авторларды қолпаштап, қошеметтеп жүретін әншілер бар. Мақпал Жүнісова апайымыз сондай адам. Қай сахнаға шықса да, аты-жөнімізді толық атап, мәртебемізді өсіріп жүреді. Сондай деңгейде сауат, мәдениет керек әншілерге», – дейді композитор.
«500-600 МЫҢ ТЕҢГЕ АЛАТЫН АҚЫНДАР БАР»
Жігер Ауыпбаев, Ернар Айдар, Қанат Үмбетов сынды бірқатар әншілердің репертуарындағы әндердің сөзін жазатын жас ақын Нұртас Тұрғанбекұлы да шығарма авторының атын атап, түсін түстегісі келмейтіндерге ренжулі.
«Авторлық құқығым бұзылған кезі болған емес. Бірақ интернетке шығармаңды жариялаған кезде авторы кім екенін көрсетпейтіндер көбейді. Соңғы уақытта осы үрдіс жүйкеме қатты тиіп жүр», – дейді қаламгер.

Оның айтуынша, композиторлар секілді ақындар да кең халық: қолқа салған адамға өлеңді тегін-ақ жазып береді.
«Композитордың немесе әншінің өтінішімен әннің сөзін жазып бергенде заңды күші бар келісімшарт жасасып, қаламақының нақты бір сомасын талап ететін ақындар ілуде біреу. Ауызша сөз байласа салғанды құп көреміз. Қатып қалған бағамыз жоқ. Қалай келісетінімізге байланысты. Кейде тіпті тегін де жазып беремін. Жақын араласатын адамдар өтініш қылғанда ақы сұрамаймын. Кейін өздері біліп, қаламақымды салып жіберсе, қабыл аламын. Бермесе, қатты ренжи де қоймаймын», – дейді Нұртас Тұрғанбекұлы.
Десе де, ақындардың бәрі бірдей тегін жұмыс істемейтіні анық. Өз бағасын білетіндер де бар.
«Бүгінгінің тілімен айтқанда жеке бренді қалыптасқан, көпке танылған ақындар бір әннің сөзі үшін өте көп қаламақы сұрайды. 500-600 мың теңге алатындар да бар», – деді қаламгер.
АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫ ҚОРҒАЙТЫН КІМ?
Авторлардан авторлық құқықтарының қорғалуы жайлы сұрадық. Композиторлардың да, ақынның да жауабы «Қазақстан авторлары қоғамына» (ҚазАҚ) келіп тірелді. Айтуларынша, шығармаларының мейрамханаларда, телеарналар мен радиоларда, әр түрлі алаңдарда орындалғаны үшін бұл ұйымнан бөлек тағы бірнеше қоғам қаламақы жинайды. Алайда жиналған қаржы ақындар мен композиторлардың қалтасына түсе бермейді екен.
Мән-жайды білмекке «Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы Байғали Есенәлиевке хабарластық. Ұйым басшысының айтуынша, авторлардың болмашы тиын-тебен аламыз деп шағымдануы орынды.

«Қай мемлекетті алып қарасаңыз да, бәрінде бір ғана авторлық ұйым жұмыс істейді. Ал Қазақстанда бізден басқа 14 қоғам бар. Солардың бәрі де авторлардың қаламақысын жинаумен айналысады. Олардың ашылуына рұқсат берілгенімен, авторларға ақы төлеу жөнінде міндеттеме қойылмаған. Біздің ұйым ғана заңды түрде ақындар мен композиторларға тиесілі қаржыны аударып отыр. 6 мың автор бізбен ғана келісімшартқа отырған. Біз олардың тиын-тебенін қай қоғамға барып даулаймыз? Мысалы, орыстілді қоғамдар қазақтың қай ақынын, қай өнер қайраткерін таниды? Танымаса да, олар үшін қаламақы жинайды», – дейді Байғали Есенәлиев.
АВТОРЛАРДЫҢ СОРЫНА АЙНАЛҒАН БАП
Қоғам басшысының айтуынша, 2009 жылы Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңға енгізілген 46-1-баптың кесірінен Қазақстанда авторлық құқықты қорғағыштар қаптап кеткен. Онда автор өзінің құқығын сеніп тапсырса да, тапсырмаса да, авторлық ұйымдар ол үшін қаламақы жинауға құқылы екені көрсетілген.
«Авторлардың сыйақыларын олардың келісімінсіз жинау арқылы біз олардың құқығын қорғаудың орнына аяқасты етіп отырмыз. Бұл әлдекімдердің жеке пайдасы үшін енгізілген бап», – деп түсіндірді төраға.
КОМПОЗИТОРДЫҢ ӘЙЕЛІ НЕГЕ НАРАЗЫ?
«Қазақстан авторлары қоғамының» әр облыста бөлімшесі, арнайы қызметкерлері бар. Ұйым өз авторларының шығармасын пайдаланатын әрбір мекемемен арнайы шартқа отырады. Шартта негізгі екі мәселе қамтылған. Мекемелер пайдаланған шығармалардың тізімін көрсетіп, есеп беріп отыруы тиіс. Әрі авторларға тиесілі ақшаны да аударып отыруы керек. Ал ұйымның міндеті – сол түскен қаржыны авторларға әділ бөліп, қолдарына тапсырып отыру.
«Кейде біздің авторлардың шығармалары орындалғанын жасырып қалуға тырысатын мекемелер бар. Олар заң жүзінде жауапқа тартылады», – дейді Байғали Есенәлиев.
Төрағаның айтуынша, «Қазақстан авторлары қоғамынан» түсетін қаламақының аздығы жөніндегі шағымданатындардың көбі – бұрын қомақты қаржы алып отырған авторлардың мұрагерлері.
«Кеше ғана белгілі композитор Талғат Сарыбаевтың әйелі келіп, «Бұрын көп алатын едік, соңғы уақытта нашар жұмыс істеп жүрсіздер. Мемлекет бюджеттен ақша бөліп отыр, соны бізге бермей отырсыздар» деп кінә тақты. Бюджеттен көк тиын да алмайтынымызды, автордың шығармасы қай жерде орындалса, сол жерден қаржы түсетінін айтып түсіндіруге тырыстым. Түсінбеді. Бұрын Талғат Сарыбаевтың шығармалары көп орындалатын. Сол уақытта оның жақындарына қомақты қаржы түіп отырған. Қазір оның еңбектері еш жерде орындалмайды. Сонда біз қаламақыны қайдан алып төлеуіміз керек?», – дейді ол.
ҮШ ШУМАҚ ҮШІН – 30 ТЕҢГЕ
Есенәлиев телеарналар мен радиоарналардың авторларға төлейтін қаламақысы 30 жыл бұрынғы мөлшерден көтерілмегенін айтады.
«Егемендік алған жылы бекітілген мөлшер сол күйі қалып қойған. Мысалы, «Қазақ радиосында» бір рет орындалған ән үшін авторға екі шумақ үшін – 20 теңге, үш шумақ үшін – 30 теңге төленеді. Ол ән айына бір-екі рет орындалды делік. 20-30 теңгеден жылына қанша қаламақы жиналуы мүмкін? Теңгенің құны бар кезде бәлкім өнер иелері үшін қомақты қаржы болған шығар. Ал қазір оның көлемін айтуға ауыз бармайды», – дейді төраға.

ҚазАҚ бұл мәселені құзырлы органдарға талай рет жеткізген. Алайда нәтиже болмапты.
«Шынын айту кереу, проблеманы билікке көп болып жеткізейік, келіңіздер, қол қойып беріңіздер деп шақырсақ, мүйізі қарағайдай авторларымыздың өзі қозғалғысы келмейді. Ал отырып алып, бізге қаламақы төлемейді деп сыртымыздан шағымдануға келгенде алдарына жан салмайды», – деп кейіді Байғали Есенәлиев.
Композитор Бауыржан Есебаевтың пікірінше, Қазақстанда заңды өзгертпейінше, авторлардың құқығы тиісті деңгейде қорғалмайды.
«Авторлар қоғамы туралы заңдар мен талаптар өзгермейінше, мемлекет тарапынан авторларға тиесілі тарифтер өспейінше ҚазАҚ ешкімді қорғай алмайды», – деп түйіндеді сазгер.