×
466.33
538.47
5.9
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
466.33
538.47
5.9

Дубайда тұратын қазақ отбасы қаладағы қатаң шаралар жайлы айтты

Бүгін, 11:01
Дубайда тұратын қазақ отбасы қаладағы қатаң шаралар жайлы айтты
Ulysmedia.kz коллажы

Әлем туристерін магнитше тартып, сұлу да маңғаз қалпымен баураған Дубайда қазір қонақ аз. Иран мен АҚШ-Израиль соғысы басталғалы бұл қаладан да тыныштық кеткен. Бұрын әлемдегі ең қауіпсіз қала саналса, қазір жарылыс үнін күнде есту қалыпты құбылысқа айналған.

Дубайда тұратын отандасымыз Ұлдана Сұлтанованың айтуынша, жергілікті тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінгенімен, қатерден 100% қорғалмаған. Өйткені сонда орналасқан америкалық нысандарға кез келген уақытта бомба тасталуы ғажап емес. Оның зардабын соғысқа еш қатысы жоқ қаланың бейбіт тұрғындары тартуы мүмкін.

СОҒЫСҚА ДЕЙІНГІ ЖАЙЛЫ ӨМІР

Ұлдана отбасымен бірге 2 жылдан бері Дубайда тұрады. Жолдасы сондағы ірі компаниялардың бірінде IT-саласында жұмыс істейді. Компания жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасап отырғандықтан, Дубайдағы өмірден қол үзгілері жоқ. Еңбек етіп, екі баласын өсіріп, сонда жайлы тіршіліктерін жалғастыра берсек дейді. Алайда Таяу Шығыста соғыс басталғалы көңілдерінде алаң көбейген.

«Дубай өзінің тыныштығымен, қауіпсіздігімен танымал. Соғыс басталды деген ақпарат тарағанда үрейіміз ұшқаны рас. Жан-жақтан хабарламалар, ескертулер келе бастаған соң қорықтық. Алайда бұл БАӘ-нің соғысы емес екенін бірден түсіндік. Дәл сол уақытта Қазақстаннан анам қыдырып келген еді. Әрі балалар кішкентай болғандықтан елге қайта тұрайық деп шештік. Қазақстан ұйымдастырған рейспен ұшайық деп ойладық. Елшілікке жазып едік, орын болса алып кетеміз деді. Анам турист болғандықтан, орын тауып берді. Біз де елге келіп, 2 аптадай бола тұрдық. Кейін жолдасымды жұмыстан шақырып алғандықтан, Дубайға қайтуға тура келді», – дейді Ұлдана Сұлтанова.

ЖАРЫЛЫС ҮНІ ЖИІ ЕСТІЛЕДІ

Отандасымыз жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігі қатты өзгере қоймағанын айтады.

«Күніне бір-екі рет жарылыс үні естіліп тұрады. Қала билігі хабарлама жіберіп, қатты дыбыстар естілуі мүмкін, терезеден аулақ болыңыздар деп ескертіп  отырады. Бірақ көшеде еркін жүре аламыз. Тұрғындар күнделікті шаруаларын істеп, балаларымен көшеде серуендей береді», – дейді ол.

Қала әкімшілігінің өкілдері жергілікті сауда үйлерінде бейғам жүретіндіктен, оларға қарап тұрғындардың да көңілі орнына түседі екен.

 «Қауіпсіздікте екенімізді сезінсек те, 100% қорғалмағанбыз. АҚШ нысандарына кез келген уақытта соққы жасалу қаупі бар», – дейді Ұлдана.

БОСАҒАН ҚОНАҚҮЙЛЕР, АРЗАНДАҒАН ПӘТЕРЛЕР 

Дубайда тұратын шетел азаматтары қақтығыс басталғанда уақытша өз елдеріне кетіп, қазір қайтадан оралып жатыр. Алайда туристер онда баруға әзір асығар емес. Қала кірісінің негізгі бөлігін құраған туризм саласының жағдайы көңіл көншітпей тұр.

«Туристік орындарда адам өте аз. Соған орай ойын-сауық орталықтары, қонақүйлер, мейрамханалар келушілерге түрлі жеңілдіктер ұсынып жатыр. Қалада жалдамалары пәтерлер бағасы да біршама түсті. Бірақ тек күндік немесе айлық мерзімге берілетіндер ғана арзандаған. Ал баспананы жылдап жалдайтындар үшін баға өзгерген жоқ», – деп атап өтті отандасымыз.

ИМИДЖ – БАСТЫ ОРЫНДА

Ұлдананың айтуынша, Дубай өз имиджін басты орынға қояды. Қала билігі ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланатын ақпаратты қатты қадағалайды.

«Біздің елдегідей біреу біреуді ұрып кетіпті, өлтіріп кетіпті дегенді ести бермейсің. Ондай жағдайлар болмайды емес, болады. Бірақ ақпараттық кеңістікте таратпауға тырысады. Сондықтан туристер Дубайды ең қауіпсіз қалалар қатарына қосады», – дейді Ұлдана Сұлтанова.

Ол БАӘ-де жарылыстар, қауіп-қатерлер жайлы жалған ақпарат таратқандар қатаң жазаланатынын атап өтті.

«Егер біз мұндай әрекетке барсақ, депортациялап жібереуі мүмкін. Жарылыстардың ескі видеоларын немесе халықты үрейлендіретін негізсіз ақпарат таратқан көп блогер елден шығарылды. Егер БАҚ өкілі болмасаң, немесе жергілікті биліктің рұқсатын алмасаң, күмәнді контентті жариялау қауіпті», – деп түсіндірді қазақстандық келіншек. 

Серіктес жаңалықтары