Абьюзерлер мен үрейді жеңу жайлы триллер кинотеатрларда.
Біздің қоғам – “Бишімбаев ісінен” кейін дүр сілкініп, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы әлеуметтік желісі мен күн тәртібінен түспеген қоғам. Әйтсе де, бұл тақырыпқа қазақ киносы жиі дауаламайды.
Экранды жаулаған жеңіл комедиялар қандай қиындыққа тап болса да қаймағы бұзылмайтын қазақ отбасы туралы мифті қайта-қайта өндірумен келеді. Бұл, бәлкім, «отбасылық құндылықтарды» насихаттау үшін қолайлы шығар. Бірақ дәл сол миф шынайы өмірде әйелден талап етілетін құрбандықтарды, оның күнделікті қиындығын тасада қалдырады, кейде тіпті құнсыздандырады. Санасы өзгерген әйелдерде оған деген ішкі қарсылық өрши түседі.
Көрермен сұранысына жауап беру үшін киногерлер қоғамдағы өзгерістерді тереңірек пайымдай алуға тиіс. Жалпы суреткердің міндеті – үкімет пен көрерменнің қалтасына бейімделу емес, қоғамды мазалаған құбылыстарды жеке адам призмасынан зерттеу, яғни киногер әлеуметтік желідегі шуды қатардағы қолданушыдай талқылап қана қоймай, «жапа шеккен адам не сезінеді, не ойлайды?» деген сұраққа жауап іздеуі керек. Киноның қызметі көп. Алайда, түптеп келгенде, оның ең басты миссияларының бірі – өзге адамның тәжірибесін сезіндіру. Біз көрмеген өмірді көрсету, түсінбеген жанның жан азабын түсіндіру, сол арқылы өзгелерге жанашырлықпен, мейіріммен қарауды үйрету, фильм сюжеттері арқылы шерменде болған жандардың кегін қайтарып, жарасын жеңілдету, яғни түбінде қылмыс пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамды ұйыстыру.
Сондықтан әлемге көбіне ер адамның көзімен қарап, әйелді «осындай болуы керек», «былай істеуі керек» деген талаптар аясында бағалайтын қоғам үшін әйел затының көзімен де қарауды үйрену маңызды. Жапа шеккен әйелді көре тұра «өзінен де бар шығар» деп кінә артуға бейім қоғам үшін әйел болып өмір сүрудің қандай екенін түсінуді үйрену маңызды.
Сол себепті өткен аптада прокатқа шыққан Медет Қалибековтің «Үнсіз» фильмі маңызды. Ең алдымен, бұған дейін «Бойдақ күйеу» (2022), «Қашан үйленесің?» (2024), «Қапқарашка: Кубинская история» (2024) сияқты ортанқол комедиялар мен культтік комедияға айналу әлеуеті бар «1040 километрді» (2024) түсірген, одан бөлек талай мағынасыз фильмдердің сценарийін жазған стендап-комик, сценарист әрі режиссердің дәл осындай тақырыпқа келуінің өзі күтпеген қадам. «Үнсіз» тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы түсірілген ең үздік фильм емес. Бірақ ол әйел психикасына үңілуге талпынуымен және әйелді өз оқиғасының субъектісі ретінде көрсетуге ұмтылуымен маңызды. Бәрін рет-ретімен баяндайық.
Фильм абьюзер күйеуі Ермектің (Рәсім Жұбаев) үстінен арыз жазған Назым (Дана Әмірқұл) туралы. Күйеуінен қашып кеткенімен, ол барған жерінде де өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Әр бөтен дыбыс, әр бейтаныс адам оған «Қайда кетсең де тауып алам, Назикош» деп қоқан-лоққы көрсеткен күйеуін елестетеді. Сөйтіп жүріп Назым құдды Хичкоктың Rear Window (1954) фильміндегі Джеф секілді бинокльмен қарсы беттегі пәтерде тұратын отбасының (Ғалия Ұзақбаева, Бекзат Жүнісов) өмірін бақылайды. Алғашында олар мінсіз отбасы сияқты көрінеді. Бірақ біртіндеп Назымның да, көрерменнің де пікірі өзгере бастайды… Фильмнің үшінші желісі – бірнеше қылмыстық істі қатар жүргізуге мәжбүр тергеуші Досжанның (Мейірхан Шерниязов) оқиғасы. Ол жұмыстан бас көтермейді, тіпті кабинетінде, іс қағаздарын жастанып ұйықтауға мәжбүр. Өзіне тапсырылған Назым мен Ермектің ісіне де көңіл бөлуге мұршасы жоқ. Фильм соңында осы үш оқиға бір нүктеде түйіседі.
Идеясы тартымды, оқиға желісі жинақы болғанымен, детектив-триллердің сценарийі (Әубәкір Емілбай, Медет Қалибеков) көбіне ірі штрихтармен ғана сұлбаланғандай. Драматургияға Абай айтқан «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» қағидасы жетіңкіремей қалған. Кей эпизодтардағы «неге?» және «қалай?» деген сұрақтар әдейі жауапсыз қалдырылса, көп жағдайда бұл сценарийдің шалалығынан хабар береді.
Ермектің абьюзер ретіндегі бейнесі нанымды шыққан. Ол әйелін қорқытады, аңдиды, «Мен сені жақсы көрем ғой, неге түсінбейсің?» деп эмоциялық манипуляция жасайды: мұндай қарекет қазақ қоғамына таңсық емес. Алайда фильм бұл жұптың қарым-қатынасының тарихына тереңірек үңілмейді. Ермек Назымды осындай психологиялық тәуелділікке қалайша түсірді? Назым о баста оны не үшін ұнатып еді? Бұл сұрақтарға жауап кейіпкерлерді тереңірек ашар еді. Сценарийдегі ең үлкен олқылықтардың бірі – себеп-салдар байланыстарының әлсіздігі. Ермек бір көріністе Назымның сіңлілерінен [?] оның қайда кеткенін сұрайды. Бірақ бұған дейін фильм әйелдің отбасымен қарым-қатынасын мүлде көрсетпеген. Тіпті оның ата-анасы бар ма, туғандары осы қалада тұра ма – көрермен мұны білмейтін. Сіңлілерінің оның тұрғылықты жерін қайдан білетіні түсініксіз. Мұндай ұсақ көрінетін детальдар драматургияның сенімділігі үшін маңызды-ақ.
Тағы бір сәтте фильм өз ұстанымына қайшы келеді. Ермектің басқа бір қызға қол көтеріп, аяусыз тепкілейтін сахнасы бар. Содан кейін ол эпизод мүлде ұмытылады. Яғни, таяқ жеген тағы бір қыздың оқиғасы киногерлер үшін мүлде қызықсыз: бұл маңызсыз, кездейсоқ құрбандық Ермектің қатыгездігін көрсету үшін ғана қажет болғандай. Ал әйел тағдырын арқау еткен фильмде тағы бір әйелдің осылай құралға айналып кетуі – сценарийдің ең үлкен қайшылықтарының бірі.
«Үнсіздің» артықшылықтары да аз емес. Ең алдымен көзге түсетіні – суретші мен оператордың жұмысы. Қазақтың коммерциялық киносында көбіне дайын тұрған пәтерлер киноалаңға айналып, интерьер мен кеңістік фильмнің көркемдік мағынасына қызмет етпейтін. Бұл фильмде интерьер де, экстерьер де суретші Мақсат Жасұзақовтың саналы көркемдік таңдауы екені байқалады. Оператор Айдар Оспанов та кадрға оқиғаны тізетін бейтарап құрал ретінде емес, мағына тудыратын көркем композиция ретінде қарайды. Мысалы, Назым күйеуінен қашып, кіреберіске тығылған сәтте оның арқасындағы сылағы түсіп қалған қабырға кейіпкердің күйреген ішкі әлемімен үндеседі. Терезеден сыртқа қарағандағы оның жүзін жалаңаш күзгі бұтақтардың шимайлай торлауы немесе пәтер қабырғасындағы әйел бейнеленген картина да кейіпкердің психологиялық күйін сөзсіз-ақ жеткізеді. Сол сияқты, көшеде келе жатқан кейіпкердің «Бұға берсең, сұға береді» деп дауыстайтын эпизодының жалпы планда түсіріліп, алдыңғы планда қабағы қатулы жігіттердің өтіп кетуі де жай ғана композициялық шешім емес. Бұл – қоғамдағы қатыгездіктің қалыпты құбылысқа айналғанын ишаралайтын бейнелік деталь.
Қысқасы, драматургиясы әлсіз сценарийдің кемшіліктерін суретші, оператор және композитордың жұмысы барынша толықтыруға тырысады. Алайда фильм қазақ киносына тән тағы бір тұрақты кемшіліктен арыла алмаған. Қосалқы әрі эпизодтық кейіпкерлердің көбі сенімсіз, жасанды ойнап, фильмнің жалпы деңгейімен қабыспайды, одан алған әсерді әлсіретеді.
Есесіне басты рөлдегі актерлер сенімді. “Кімсің?” деп сұрап алмай, есігін бейтаныс жандарға аша беретінін есептемегенде, Назымды сомдаған Дана Әмірқұлдың ұстамды ойыны фильмді алға сүйрейді. Көрші әйел рөліндегі Ғалия Ұзақбаеваның ойыны кей тұста сылбыр көрінгенімен, қайғысы біртіндеп қуанышқа ұласатын бір эпизод Ари Астердің Midsommar (2019) фильмін еріксіз еске түсіреді.
Ең бастысы – Назым бейнесі арқылы абьюзерден қашқан әйелдің психологиялық күйі қазақ киносында бұрын-соңды болмаған экспрессивтілікпен берілген. Қорыққан әйелдің санасы қандай азапта болатынын сезінгіңіз келсе, “Үнсіз” Назымның үрейін көрерменнің де үрейіне айналдырады. Фильм әйел өмірінде қалыптыға айналып кеткен қорқынышты сезіндіреді: қас қарайған сайын әр қадамын қауіппен басу, тыныштықты бұзған қоңыраудан селк ете қалу, әр бейтаныс жанның жүзінен қауіп көру. Бұл – бір сәттік үрей емес, зорлық көрген әйелдің санасына орнығып қалатын психологиялық күй. Осындай көріністерде музыка, операторлық жұмыс, монтаж және дыбыс драматургиясы бір-бірін толықтырып, кейіпкердің ішкі әлемін кино тілімен әсерлі жеткізеді.
Фильмнің басты құндылығы да осында. Бір ауыз сөзсіз зорлықтың құрбаны болған әйелдің жүйке-жүйесін жалаңаштайды, бірақ онымен тоқтамай, оқиға шешімі арқылы оны өз тағдырын қолына алатын дербес тұлға ретінде көрсетеді. Бәріміз білетіндей, тақырып өзектілігіне қарамастан, тығырықтан шығып, өзге әйелдерге тірек болатын әйел бейнелерінің экрандалуы сирек. Осы тұрғыдан алғанда, барша кемшіліктеріне қарамастан, «Үнсіз» – уақтылы түсірілген, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған көп әйелге экран арқылы ішкі түйінін тарқатуға мүмкіндік беретін жұмыс.
Әсия Бағдәулетқызы