Түркияда зілзаладан аман қалған отандасымыз Сабина Мамадьярова Қазақстанға оралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігіндегі баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
«Ол ауруханада емделіп жатқан кезеңде біздің консул тұрақты байланыста болды. Сабина Мамадьярованың жанына жақын туыстары да барды. Ол Қазақстанға оралды», - деді А.Смадияров.
Еске сала кетейік, 6 ақпанда эпицентрі Кахраманмараш провинциясының Пазарджик ауданында магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жүздеген афтершокқа ұласқан жерасты дүмпулері елдің 11 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді. Түркияда қаза тапқандар саны 46 мыңнан асты. ДДСҰ-ның 12 ақпандағы мәліметінше, Сирияда 8500 адам опат болды.
Түркияда жер сілкінісінен кейін Қазақстанның үш азаматы үйінді астында қалып қойған еді. Олардың тек біреуі – Сабина Мамадьярова ғана аман табылды. Өкінішке қарай, Әділ Қадірбеков пен Мирболат Құрмашев қаза тапты.
Хатай провинциясындағы Антакья қаласында үйінді астынан денесі табылған Мирболат Құрмашев еліміздің үздік IT-мамандарының бірі болған.