Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің сөзінше, бүгінде нашақорлардың нақты және сенімді есебі жоқ. Сарапшылардың пікірінше, олардың нақты саны ресми деректерден кемінде 5 есе көп.
«Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, есірткі қолдану фактілері тіпті оқушылар қатарынан анықталып жатыр. Сондықтан болашақта скрининг өткізу жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қоғамның нашақорлық деңгейін объективті түрде бағалауға және есірткіге тәуелді адамды, әсіресе жасөспірімдер арасында ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді», - деді ол Үкімет отырысында.
Аталған шара «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында» қарастырылған.
Ахметжанов аталмыш шараны қалай ұйымдастыруға болатынын түсіндірді. Скринингті оқуға түсерде, жұмысқа тұрар кезде, Қарулы Күштер қатарына және мемлекеттік қызметке алынар алдында тапсыратын медициналық тексеру аясында жүргізу ұсынылып отыр.
«Сараптама есірткі тұтынушыларды бірінші сатыда анықтаса, ондай адамдардың 95 пайызын қалыпты өмірге оралтуға болатынын көрсетіп отыр. Үшінші сатыда анықталғандардың 15 пайызы ғана оңалады. Есірткінің түрі көп. Тіпті мектепте де тарап жатыр, оны біз жасырып отырған жоқпыз. Бүгінде нақты есебі жоқ. Мен биоматериал скринингін өткізуді ұсынып отырмын. Негізі бұл Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы. Біз оны қолдадық. Енді жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік және әскери қызметке орналасқанда, жұмысқа тұрғанда скринигтен өту керек болады. Қоғам мен балаларымыздың қауіпсіздігі маңызды екенін түсінуіміз керек. Биоматериалдардан есірткі анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Ондай мәлімет олардың ата-анасына жіберіледі», - деді министр.
“Cинтетикаға” сараптама: әдістеме ескірген, құрылғылар көнерген
Елімізде синтетикалық есірткіге сараптама жасау әдістемесі ескірген. Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осындай проблема көтерді.
«Қазақстанда алғашқы синтетикалық есірткілер шамамен 10 жыл бұрын пайда болды. Ал зерттеу құралдары мен әдістемесі ескі күйде. Қазіргі таңда «синтетиканың» күн сайын жаңа түрлері шығып жатыр. Кейінгі 4 жылда тәркіленген «синтетика» көлемі 100 есе өсті. Мұндай есірткінің сот сараптамасы күрделі санатқа жатады. Оны өткізуге 1 ай немесе одан да көп уақыт кетеді», - деді Марат Ахметжанов.
Оның сөзінше, бұл тергеу сапасына кері әсерін тигізеді.
«Күдіктілерге қарсы «жазаның бұлтартпастық» принципі сақталмай келеді. Мысалы, сарапшының қорытындысы шықпай, «қамаққа алу» шарасын қолдану мүмкін емес. Осының кесірінен, бүгін 108 қылмыскерге іздеу жарияланды. Сондықтан сот сараптамасы органдарын заманауи және сапалы құралдармен жабдықтау көделіп отыр», - деді министр.
Интернет есірткі саудасын қыздырды
Ахметжановтың дерегінше, биыл елімізде 604 есірткі сайты жабылған.
«Есірткі бизнесі де толығымен кибер салаға көшті. «Телеграм-боттар немесе басқа да интернет ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр. Мысалы, биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы сатумен байланысты. Әрине, біз мұндай бүркеншік интернет-дүкендерді жауып жатырмыз. Биыл 604 есірткі сайтын жаптық», - деді министр.
Алайда бұл шара мәселені түбегейлі шешпейтін көрінеді. Мұндай заңсыз контентті тоқтату үшін министрлік «Аргус», «Айрис», «Тритон» сияқты заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар сатып алмақшы.
«Олар – әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Киберқадағалау» жүйесі мұндай сайттар ашылса, оларды онлайн түрде бұғаттайды. Яғни, жасанды интеллект өзі анықтап, дереу тосқауыл қояды. Сонымен қатар сайтты ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік болады», - деді Ішкі істер министрі.