Қазақстандағы мектеп оқушыларына коронавирус инфекциясына қарсы вакцина 12 жастан бастап салынады. Бұл жайында елдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша өткен брифинг барысында денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.
Оның айтуынша, мектептер оқушыларын вакциналау үшін жуырда келетін Pfizer вакцинасын күтіп отыр. Сондай-ақ вакцина алмаған балаларды мектепке жібермеу туралы шектеулер қарастырылмаған.
«Ешқандай шектеулер көзделген жоқ. Әр баланың ата-анасы рұқсат бергенде және баланың жеке еркімен вакцина саламыз. Өз тарапымыздан түсіндіру жұмыстары басталады. Санитарық режим арқасында балалар арасында аурушаңдық көрсеткіші төмен. Жақын арада 4 млн-ға жуық Pfizer вакцинасы келеді деп күтіп отырмыз», – деп атап өтті ол.
Ресми мәлімет бойынша, оқушылар арасында жалпы 9 185 КВИ жағдайы тіркелген. Бұл оқушылардың жалпы санының 0,26%-ы.