×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Астық экспорты: Өзбекстан одаққа кірсе Қазақстан Ауғанстан нарығынан айырылады

07.10.2021, 15:00
Астық экспорты: Өзбекстан одаққа кірсе Қазақстан Ауғанстан нарығынан айырылады
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстанда қуаңшылыққа байланысты биыл бидай шығымы төмендеп кетті. Жыл басында асқақ болжамдар айтылғанымен, бүгін де ел үшін бидай мен ұн экспорты біршама азаятыны болжанып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

ШЫҒЫМСЫЗ ЖЫЛ, ЖАҒЫМСЫЗ БОЛЖАМ

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өткен айдың ортасында өткен үкімет отырысында астық өндіруші елдердің бәрінде өндіру көлемі төмендейтінін мәлім еткен. Министрік АҚШ-та ауыл шаруашылығы министрлігі мен Астық жөніндегі халықаралық кеңестің есебіне сүйеніп отыр. Мәселен, Канадада бидай жинау өткен жылмен салыстырғанда 34,5%, Ресейде 15%, АҚШ-та 7% азаймақ.

Қазақстан астық одағының ресми өкілі Қазыбек Омаровтың айтуынша, бүгін де елде шамамен 10,4 млн тоннадай бидай (бидай алқаптарының 99% жиналып болған) жиналған. Одақ басшылығы жыл басында 12,5 млн тонна бидай жиналатынын болжапты.

«Бізде экспорт науқаны қыркүйекте басталады. Жылда қыркүйек, қазан, қараша айларында 1 млн тоннадан астам бидай экспорттайтын едік. Биылғы қыркүйектің статистикасы шыққан жоқ. Бірақ біздің болжам бойынша жылдағы көрсеткіштен аз – 500 мың тоннадай (ұн мен бидай) болады деп ойлаймыз. Ұн мен бидай әр елге әртүрлі деңгейде экспортталады. Мысалы Өзбекстан мен Тәжікстанға ұннан гөрі бидай көбірек кетеді. Ал Ауғанстанға ұн импортталады. Біз үшін дәстүрлі нарықтар – Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Түрікменстан. Енді ғана ашылып келе жатқан Қытай нарығы пандемияға байланысты жабылып қалды. Анда-санда Иран алады. Бұрын Әзербайжан мен Грузия біздің дәстүрлі нарығымыз болған еді. Бірақ оларды қазір Ресей толығымен қамтып жатыр», - дейді ол.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БИДАЙЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ

Осы жылдың жазында мәжілісмен Айбек Паяев Өзбекстан Қазақстанның бидайын сатып алып, Ауғанстанға ұн түрінде өткізіп жатқанына мәлім еткен еді. Алайда Қазыбек Омаровтың айтуынша, мұндай протекционистік көзқарасты барлық ел ұстанады.

«Ондайды біз де істеп отырмыз. Мысалы Ресейден Орталық Азия елдеріне бидай мен ұн таситын болса, ресейліктер былайша айтқанда транзиттік тариф төлейді. Ол тариф қымбат болғандықтан, Ресейдің бидайы мен ұнына Өзбекстанға өтуіне кедергі туғызады. Тура сондай жағдай: Өзбекстан да өз нарығын қорғап, ұн өндірушілерін қорғап, транзиттік тарифті көтеріп тастаған. Қазақстан ұнын немесе бидайын Ауғанстанға жеткізу құны сәл қымбаттау. Сондықтан Өзбекстанның ұн өндірушілері Қазақстанның бидайын сатып алып, Ауғанстанға жіберуі – тиімділеу. Мәселен, өткен маусымда Өзбекстан шамамен 760 мың тоннадай ұнды Ауғанстанда жіберді. Яғни оны бидай түрінде есептесек – 1 млн тонна бидай. Ол 1 млн тоннаны Өзбекстан Қазақстаннан алды. Себебі өздерінде артық бидай жоқ», - дейді ол.

БИДАЙ ӨНДІРІСІ НЕГЕ АЗАЙЫП БАРАДЫ

Қуаңшылықтан бұрын жалпы Қазақстанда соңғы жылдары бидай өндіру көлемі азайып барады. Тиісінше астық экспорты да төмендеген. Оның себептерінің бірі – Қазақстанның астығының сапасының төмендеуінде. Тұқымдық бидайдың сапасының төмендігін, шаруа қожалықтарының аогротехнологиялық талаптарының сақтамауы да себеп болған.

«Екіншіден, тауардың өзіндік құны қымбаттап барады. Оның қымбаттайтын себебі – жанар-жағармай, электр қуатының бағасы, ауыл шаруашылығы техникасына қайта жарату салымының енгізілуі. Яғни шет елден комбаинның, трактордың бағасы қымбаттағаннан кейін ол айналып келіп, шаруалардың астығының құнына әсер етеді. Жылдан жылға сапасы төмен түсіп бара жатыр. Кеше ғана жанармайдың литрін 339 теңгеден сатып алыпты. Ары қарай не деуге болады?» - дейді Қазыбек Омаров.

«Ауғанстан нарығын жоғалту қаупі бар ма?» деген сұрағымызда одақтың ресми өкілі «әрине бар» деп жауап берді. Оның айтуынша, Ауғанстан нарығына дәстүрлі түрде екі ел – Қазақстан мен Пәкістан таласатын. Пәкістанның соңғы жылдары халық санының көбеюуіне байланысты өзіне артық бидай өсіре алмаған. Осылайша, Қазақстан Ауғанстан нарығындағы үлесін өсірген. Алайда осы нарықта Өзбекстан да өзінің үлесін өсіруге асыққан.

«Олар ұн өндіру саласын дамытып, мемлекеттік қолдауға сүйенді. Төменгі пайызбен несие алды. Екіншіден ұн өндірудің өзіндік құны Өзбекстанда төмен. Себебі ұн өндіруде ұнның құнындағы бидайдың құны 50-ақ пайыз. Басқасы – электр қуаты, жанар-жағармай, жұмысшылардың айлығы. Ал Өзбекстанда электр қуаты бізден екі есе арзан. Газ да арзан. Жұмысшылардың айлығы төмен. Сондықтан олардың ұн өндіру құны Өзбекстанда Қазақстанда қарағанда төмен. Сондықтан Өзбекстанға бидайды алып барып, ұн ретінде өндіріп, Ауғанстанға жіберу – соңғы 3-4 жылда қарқын алып кетті. Ондай бизнесті өзбектерден гөрі ауғандардың өзі көбірек жасайды. Яғни ауғандық фирма Өзбекстанда ұн өндіретін зауытты жалға алады да, Қазақстанда ұн ретінде өндіріп, Ауғанстанға жібереді», - дейді ол.

Қазыбек Омаров Өзбекстан Еуразия экономикалық одағына қосылса, Қазақстан транзиттік тарифті қолдана алмайтынын мәлім етті. Онда Ресейдің бидайы мен ұнына тосқауыл қою мүмкін болмайды. Сол кезде Өзбекстан бидайынан гөрі Ресейден алады.

«Мәселен, солай еткен Қырғызстанға біздің бидайдың экспорты үш есе төмен түсіп кетті. Олар қазір Ресейдің Алтай өңірінен, Сібірден тура өздеріне таситын болды. Себебі қазақ бидайынан орыс бидайы арзан болып тұр. Өзбекстан мен Тәжікстан экономикалық одаққа қосылса, біз Ауғанстан нарығын сол кезде жоғалтамыз», - деп түйді Қазыбек Омаров.