×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Үш жүз мыңнан үш миллионға дейін: Танымал әншілер мен блогерлердің тұсаукесер тойдағы гонорары қанша

24.07.2023, 12:44
Үш жүз мыңнан үш миллионға дейін: Танымал әншілер мен блогерлердің тұсаукесер тойдағы гонорары қанша
Коллаж: Ulysmedia.kz

Соңғы бірнеше жылда баланың тұсауын танымал әншіге, оқырманы көп блогерлерге кестіру қалыпты жағдайға айналды. Баласының өнерлі, аузы дуалы болғанын қалайтын кей кісілер оларды  сахнаға алып барып, әншілердің, спортшылардың  ауыздарына түкіруін де сұрап жатқанын көріп жүрміз. Жалпы бұл дәстүр той бизнестің бір бөлігіне айналды. Бір кездері әнші Қарақат бір мезетте жүздеген баланың тұсауын қатар кесіп, әрқайсысынан 70-100 мың теңге аралығында гонорар алғанын оқыдық. Сол бүлдіршіндерді кейін «Қарақат тұсауын кескен құлыншақтар» деп шығарып та жүрді. Бүгінде тұсаукесердің құны үш жүз мыңнан үш миллион теңгеге дейін барады.

Ulysmedia тілшісі отандық той-бизнестің танымал өкілдері мен белгілі блогерлерге хабарласып, тұсаукесер қызметтерінің құны қанша екенін сұрап көрді.

1.Қазақстандық той-бизнестің жұлдызды жұбы Жазира мен Жанболаттың тұсау кесу құны - 2 миллион теңге. Ішіне жол құны мен қонақ үй бағасы кіреді. Тұсаукесер тойында Жазира ханым «Тәй-тәй» әнімен баланы алып кіреді. Одан бөлек, Жанболат екеуі төрт-бес ән орындайды.

2.Қарақат пен Қыдырәлінің тұсаукесер гонорарлары да өскен, қазіргі баға – $6000. Директорының сөзінше, Қарақат ханым басқа қалаларға өзі жеке жүрмейді, қасында Қыдырәлі Болманов болады. Жұп тұсаукесер тойға баланы алып шығу рәсімін жасап, төрт-бес ән орындап шығады.  

3.«Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевке де көпшілік тұсаукестіріп жатады. Әншінің көмекшісіне хабарласып едік, тұсаукесер үшін жалпы ақша алудың «ұят» саналатынын айтты.

«Қазақ тұсаукесерге ақша қоймаған, тұсаукестірудің бағасы осынша деп қоя алмаймыз. Алматы қаласында болсаңыз, ол кісінің уақытына ыңғайласаңыз тегін кеседі. Ал өзге қалаларда болса жол шығындары бар, кемі екі күн уақыт кетеді. Тойға барған соң ән айтылады. Сәкен мырзаның тұсау кескенін қалаймыз десеңіздер төрт-бес әнімізді айтып, балаңыздың тұсауын кескеніне 1 млн 300 мың теңгеге жеңілдік жасап берейік. Жалпы тойларға Сәкен аға 2 миллион теңге гонорар алады. Негізінен босқа шығындалмағаныңыз абзалырақ, тұсаукесетін әулеттеріңізде үлкен кісілер бар шығар»,-деді Сәкен Майғазиевтің көмекшісі.

4.Нұрлан Еспановтың гонорары $4000 құрайды, одан бөлек жол шығындары мен қонақ үйді көтересіз. Басқа қалаларға бару бағасы – $4 000. Жол билеті, қонақ үй құнын бөлек төлейсіз. Тойда кемі 3-4 ән орындайды.  

5.Мадина Сәдуақасованың гонорары 1 млн 500 мың теңге.  Гонорардан бөлек, екі адамға ары-бері ұшу билетін төлейсіз. Мадина ханымға бизнес класс, директорына эконом класс. Екі адамға бес жұлдызды қонақ үйден орын. Әуежайдан күтіп алып, шығарып саласыздар. Жалпы 6-7 ән айтылады.

6.Үш миллионға жуық оқырманы бар блогер, әнші Елшін Жанеркенің директорына да хабарласып көрдік. Жанеркені Астанадан басқа қалаларға шақырсаңыз,  ұшақ билеті, қонақ үй өзіңізден, гонорар –  500 мың теңге. Астана қаласынан болсаңыз 300 мың теңгеге келіседі.  

7. «2015 жылдан бері 2500 баланың тұсауын кестім» деп жазған Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев тұсаукесер рәсіміне ешқандай қаржы талап етпейді. Көп жағдайда тұсау кестірген кісілер өздері кәде-сыйларын жасап, шапандарын жауып жатады екен.

8.Селебритилердің ішінде тұсаукесер рәсімін тегін жасайтындардың бірі  – Динара Сәтжан.

«Динара ханым ақылы түрде тұсау кеспейді. Балаңыздың тұсауын кестіргіңіз келсе Астана қаласындағы дүкенімізге алдын-ала хабарласып, Динара ханым болатын күні келсеңіздер болады»,-деді журналистің көмекшісі.

9. Алтынай Жорабаева – 1 млн 500 мың теңге. Бұл бағағаға тұсаукесу рәсімі, той барысында екі блок ән айту кіреді. Яғни тойдың басында 2-3 ән, екінші дастарханда 5 ән айтылады.

10. Ерке Есмахан гонорары – 3 миллион теңге, осының ішіне әншінің гонорары, ұшу билеті мен қонақ үйі кіреді. Айта кететіні, әншілердің көпшілігі тұсаукесер рәсімін ғана жасамайды, тойда кемі төрт-бес әндерін шырқап, өнер көрсетеді. 

 

                          ТҰСАУКЕСЕР -  ТРАНСФОРМАЦИЯҒА ТҮСКЕН ДӘСТҮРДІҢ БІРІ

Баланың тұсауын блогерлер мен әншілерге кестіру қаншалықты орынды деген сұрақты этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаеваға қойып көрдік. Маманның сөзінше, қазақта тұсау кескен адам қызметіне ақы қоймаған. Бүгінгі таңдағы тұсаукесу дәстүрі – трансформацияға түскен.

«Тұсаукесер қазіргі кезде – трансформацияға ұшыраған дәстүрдің бірі. Тұсаукесуді арнайы ақыға айнылдырған дұрыс емес. Қазақта баланың тұсауын аяғы қай кезде шықса, сол кезде кесе берген. Жеті айында шықса жеті айында, сегіз айында шықса сегіз айында. Ала жіпті дайындаған, оны әулеттің үлкені немесе ауылға белді-беделді адам, кейде үйіне келген қонақтың біріне кестірген. Онда да келген құдайы қонақ сыйлы, беделді болса ғана кестіріп жүрген. Және тұсау кескен адам онысына арнайы баға қойып, кәде сұрамаған. Тұсаукестірген адам өзі кәдесін беріп, шапанын жауып жатқан. Қазіргі кезде баланың алдына жол салып, ойыншық, кітап, көліктің кілті сияқты түрлі кедергілер қояды. Қазақтар баланың алдына ешқандай кедергі қоймаған, керісінше тұсауды кестіріп жіберіп, баланы босағаға қарай жүгіртіп жіберген. Яғни ол баланың жолы ашық, кедергісіз болсын деген. Жаздың күні жайлауда кессе көп шөпке жүгіртіп жіберген. Баланың алдына кедергілер қойса, баланың көзін ала жіптен тайдырған. Баланың тұсауын кескен кезде көз ала жіпке түсу керек, ала жіпке түсу арқылы біреудің ала жібін аттама деген тәртіп, ұстаным қалыптасады. Ал біз қазіргі кезде баланың көзін ала жіптен тайдырып, әртүрлі өзіміз қойған кедергілерге түсіріп жүрміз. Ол дұрыс емес.»,-деді этнограф.

ТҰСАУДЫ ТЕК АЛА ЖІППЕН КЕСКЕН

Ғалым жазба деректерде майлы ішек, көк шөппен кесу дәстүрі де болмағанын атап өтті. 

«Жазба деректер де баланың тұсауы ала жіппен кесілгенін айтады. Көк шөппен кесті, тоқ ішекпен кесті деген ауызша жеткен деректер. Әнші, блогерлердің көбісі әлі  оң-солын танымаған, үбірлі-шүбірлі, немерелі болмаған. Ондай адамдар баланың тұсауын кеспеген. Қазақтар ырымдап көп жасаған, елге беделді, айтар сөзі бар адамға кестірген.  Қазіргі тұсаукесер дәстүрлі емес, өзгеріске түскен. Тұсауды кім кесетінін бұрынғы кезде әулеттің үлкен, ата-әжелер шешкен, солар «сен баланың тұсауын кесіп бер» деп қалау салған. Ол отбасылық мереке, тұсаукесерге той жасамаған, ырымдап отбасында кесіп жіберіп, батасын берген. Тұсаукескенде айтылатын өзінің өлеңі бар, ол да отбасылық фольклор»,-деді Тәттігүл Қартаева.