×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстан Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру үшін 25 млрд теңге жұмсайды

19.10.2023, 10:56
Қазақстан Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру үшін 25 млрд теңге жұмсайды
Фото: Ашық дереккөзден

Сенат Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, заңның мақсаты экономикалық одаққа мүше елдердің экономикалық өсуіне жәрдемдесу, өзара және сыртқы сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту. 2022 жылғы 20 қазанда Ереванда Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімге қол қойылған. Қазақстан құжатты биыл ратификациялағалы отыр.

Сенатор Сүйіндік Алдашовтың айтуынша, келісімде Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы тараптар арасындағы өзара сауда, инвестициялар көлемін ұлғайту, экономикалық интеграцияны дамытуға жәрдемдесу, инвестициялық тартымдылықты арттыру және экспорттық кредиттерді қайта сақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін құрылады. Тараптардың үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтіп, халықаралық қаржы-экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде тараптардың экспорттық кредиттік агенттіктерін, халықаралық қаржы, банк ұйымдары мен одақтарын нығайтуға арналған халықаралық қаржы ұйымы болатыны көзделеді.

«Келісімге сәйкес компания жарғысында көзделген талаптар мен рәсімдерді орындаған жағдайда мемлекеттер мен халықаралық қаржы ұйымдары, сондай-ақ басқа мемлекеттер компанияның қатысушылары бола алады. Келісімде Компания өз функцияларын орындауды қамтамасыз ету үшін тараптардың үкіметтерімен, оның ішінде компанияның өз аумақтарында болу шарттары туралы, сондай-ақ тараптардың өзге де уәкілетті органдарымен олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық шарттар жасаса алатындығы айқындалады», - дейді Алдашов.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың сөзінше, қайта сақтандыру компаниясы экспорттық және импорттық қызметпен айналысатын ұйымдардың тәуекелдерін қайта сақтандырып отырады. Бұны танымал шетелдік компаниялар да жасай алады. 

– KazakhExport өз тәуекелдерін басқа компанияларда қайта сақтандырып отырады. Атап айтқанда, Ұлыбритания, Швейцария және басқа да мемлекеттерде халықаралық компаниялар бар. Дегенмен, Ресей мен Украинаның соғысы басталып кеткеннен кейін бұл компаниялар Ресейге тасымалданатын тауарларды сақтандырудан бас тартып отыр, - деді Төребаев сенаттың бүгінгі отырысында.

Қазіргі кезде KazakhExport-тың тәуекелдері 40 процентке жеткен. Соның барлығы Ресеймен байланысты. Осы тәуекелдердің бәрін қайта сақтандыру мақсатында Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құрылып жатыр. Ол Ресей мен Беларуське тасымалданатын тауарларды қайта сақтандырады.

– Жаңа компанияның жарғылық капиталында біздің жарнамыз 20 процентті, 5 миллиард рубль, шамамен 25 миллиард теңгені құрап отыр. Беларусь - 30 процент, Армения - 3 процент, Қырғызстан - 2 процент, ал Ресей 45 процентін салып отыр. Осы ақшаны бір рет саламыз, ол ішінде айналып тұрады, - деп атап көрсетті Төребаев.

Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының бас кеңсесі Мәскеуде болады.