Экспорт және сауда-экономикалық даму мәселелеріне жетекшілік ететін сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстанда нанның құны Өзбекстанға қарағанда неге жоғары деген сұраққа жауап бере алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенат кулуарында журналистер Қайрат Төребаевтан Қазақстанда ұн құны неге өсіп жатқанын түсіндіруді сұрады – үйлердің жанындағы кейбір дүкендерде ұнның 1 дорбасының (2 кг) бағасы мың теңгеден асады.
Вице-министр ұн бағасы оның жауапкершілігіне кірмейтін ішкі сауда мәселесі екенін айтты. Алайда БАҚ өкілдері ұн мәселесі Төребаев жетекшілік ететін сауда-экономикалық салаға тікелей қатысты екенін атап өтті.
"Сіз ішкі сауда туралы сұрақ қойып тұрсыз. Бізде нарықтық экономика, барлық ұн өндіруші экспорттаушылар ел ішінде сата ма, әлде экспорттай ма – өз бетінше шешім қабылдайды. Сізге жазбаша түрде жауап берейікші", - деп өтініш білдірді ол.
Ол сауда вице-министрі ретінде өзекті мәселелерден хабардар болуға міндетті екенін айтқан журналистің ескертпесіне шенеунік:
"Егер сіз бізге министрлікке келсеңіз, біз адамдарды жинап, жауап берер едік", – деді.
Осы кезде Ulysmedia тілшісі Қазақстанда бір бөлке нанның бағасы ҚР бидайының 47%-дан астамын импорттайтын Өзбекстанға қарағанда неліктен 100 теңгеге қымбат екенін сұрады.
Төребаев әрбір кәсіпорын өзінің экономикалық негіздемесін жүргізетінін және өнім өндіру кезінде кәсіпкерлер барлық шығындарды ел ішінде есептейтінін айтты.
"Яғни, бұл электр энергиясы, салықтар және басқа шығындар. Өзбек наубайханалары және қазақстандық наубайханалардың қандай шығындары барын нақты қарау керек. Екінші сұрақ – бірдей нәрселерді салыстыру. Яғни, Қазақстандағы нан сапасы Өзбекстанмен бірдей ме? Нақты статистиканы шығару үшін сапаны салыстыру қажет. Сондықтан бұл жерде мәселе өте күрделі. Сіз бізге нақты статистиканы көрсетесіз – қай нанның құны қанша, біз салыстырып, бірлесіп жұмыс жүргізейік", - деп түйіндеді Төребаев.
Айта кетейік, бұдан бұрын ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл дәнді дақылдардың өнімділігі төмен екенін мәлімдеген.
Министрдің сөзінше, күз басында 3 аптадан аса жауған жауын диқандарға кесірін тигізген.
«Бұл жаңа түсімнің сапасының нашарлауына, астықтың өніп кетуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға және дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне әкелді», - деді ол.
11 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда шамамен 14,9 млн га дәнді дақылдар жиналды, бұл - барлық егіннің 86%-дан астамы. Орташа өнімділік соңғы бірнеше жылдағы ең төмен көрсеткіштердің біріне айналды және гектарына шамамен 9,2 центнерді құрады.