×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Атырау облысында 660 млн теңге бөлінген жолдың құрылысы аяқсыз қалған

21.10.2023, 17:19
Атырау облысында 660 млн теңге бөлінген жолдың құрылысы аяқсыз қалған
Фото: Ашық дереккөз

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылындағы ішкі жолда 7 шақырымдай автомобиль және жаяу жүргіншілер жолы шала жасалғанына жергілікті тұрғындар наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақ Жайық” басылымының жазуынша, бұған Сағыз округі әкімі Өтепберген Адилов те ашулы екен.

"Тұрғындар әкімшілікке құрылысы аяқталмай қалған жол жөнінде жиындарда мәселені көтерді. Айтса айтқандай, "Айдана-ИК" ЖШС жұмысын бастағаны не керек, ақыр аяғында жасамай, тастап кетті. Салдарынан ол жолға қыста қар үйіліп қалып, көлік қозғалысына кедергі келтірсе, көктемде балшық болып, жазда топырақ борап, жұртшылықтың ренішін туғызып тұр. Бізді де әбігерге салды. Мына үйілген топырақтар сол күйінде қалған", дейді ол.

Жалпы құны 659 млн 663 мың болатын жол жұмысын Маңғыстау облысының «Айдана-ИК» ЖШС-і 2019 жылы ұтып алып, сол жылы жұмысын бастап кеттті. Қыс түскенде күн жылынғанша жұмысты тоқтатып қойды. Бірақ 2020 жылы коронавирус дертінің ушығуына байланысты бюджеттен қаражат бөлінбей, жұмыс тоқтап қалды. 2022 жылы бюджеттен 40 млн 470 мың теңге қаржы қаралды.

“Бірақ ЖШС жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмады, адам күші жетіспеді. Соның салдарынан бастаған істері бірнеше рет кідіріске ұшырады. Тапсырысшы ретінде біз ЖШС-ке бірнеше рет ауызша ескертіп, хат жолдадық. Бірақ олар ескертуге мән бермей, ақыр аяғында жол жұмысын мүлдем тастап кетті.

Содан кейін мердігермен соттасу басталды. 2021 жылы келісім шартты бұзу, жосықсыз қатысушы деп тану, тұрақсыздық айыбын өндіру, алдын-ала төленген 40 млн 470 мың теңгені бюджетке кері қайтару жөнінде Атырау облыстық экономикалық сотқа талап арыз бердік. Алайда сот мердігерге жұмысты 3 ай ішінде қалпына келтіруді міндеттеп, 15 млн теңге тұрақсыздық айыбын өндіруге шешім шығарды. 2022 жылы жұмысын жалғастырмағасын мердігерді қайтадан сотқа бердік, әрі аудандық прокуратура ЖШС-нің жұмысынан біраз кемшілік анықтады”, - дейді аудандық ТКШ бөлімі басшысы Кенжебек Камаладенов. 

Аудандық ТКШ бөлімі жасалмаған жұмыстың қаржысын кері қайтару және жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде сотқа талап арыз беріп, сот шешімін күтіп отыр. 

2023 жылдың 5 қыркүйегінде «Айдана-ИК» ЖШС-мен келісім шарт тоқтатылды. 

Аудандық ТКШ бөлімі басшысы К.Камаладеновтың мәлімдеуінше, осы жобаны жүзеге асырып аяғына дейін жеткізу үшін басқа мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталына қайта жариялау жұмыстары жүріп жатыр.