Израиль билігі Палестина мен Газа секторын қолдаған швед экобелсендісі Грета Тунберг туралы барлық ақпараттарды мектеп бағдарламасынан алып тастау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz РБК-ға сілтеме жасап.
"Бұл ұстаным оны моральдық және білім беру құндылықтары тұрғысынан үлгі болу құқығынан айырады әрі енді ол Израиль оқушыларына үлгі бола алмайды", - деп хабарлады Израильдің Білім министрлігі.
Осыған дейін Грета Тунберг палестиналықтарды қолдап, Палестина мен Газа секторын қолдау мақсатында акция өткізді. Ол X (Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында сол жайлы жазба жариялады.
"Әлем атысты дереу тоқтатуға, әділеттілікке, палестиналықтар мен барлық зардап шеккен бейбіт тұрғындарға бостандық беруге үн қосуы керек", - деп жазды ол.
Айта кетейік, 7 қазаннан бері бүкіл әлем Таяу Шығыстағы соғысқа көз тігіп отыр. ХАМАС пен Израильдің қақтығысынан мыңдаған бала құрбан болды. Газа секторының бейбіт тұрғындары қырылды, үй-күйсіз қалды. Израиль соғыстың бірнеше айға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.