Арселор-Митталдағы апаттан қаза тапқандар саны өсіп жатыр, 22 адам көз жұмғаны айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтадағы авариялық-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылды.
“Жұмыстар екі өндіру учаскесі ауданында жүргізілуде. Көрінетін жану ошақтары жоқ. Газ жағдайын бақылау, сынамаларды алу, сондай-ақ табылған қаза тапқандарды шығару жұмыстары жүргізілуде. Кейбір жерлерде көміртегі тотығының рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі байқалады.
Қазіргі уақытта 22 адамның денесі табылды, 24 кенші іздестірілуде”, – деп жазды ТЖМ-нан.
Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағанды қаласында (ТЖД 8-7212-51-72-23, АрселорМиттал Теміртау 8-7212-49-72-70) және Астанада (8-7172-70-41-08) «жедел желі» телефондары ашылды.
Айта кетейік, «Қазақстан» кенішінде («АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі) жақында болған қайғылы оқиғадан бері небәрі 2 ай өтті.
Жақында «Қазақстан» кенішіндегі өрттен кейінгі кеншілердің қазасына басшылықтың 100% кінәлі екені белгілі болды.
АМТ кәсіпорындарындағы өліммен аяқталған жазатайым оқиғалардың барлық шектен шыққан статистикасы интернет қолданушылардың ғана емес, мемлекет басшысынан бастап шенеуніктердің де наразылығын тудырды.
23 сәуірде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ заңгері Ирина Эм өлтірілгені белгілі болды. Оның зорлық-зомбылық белгілері бар денесін шақыртуға келген Шахтинск қаласының өрт сөндірушілері тапты. Ulysmedia.kz тілшісі бұл оқиғаның өндіріспен байланысты екенін анықтады.
Бұған дейін ҚР Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ иелігін өзгерту жоспарланып отырғанын айтқан болатын.