×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қасақана әрекетсіздік: Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тарту талап етілді

30.10.2023, 13:21
Қасақана әрекетсіздік: Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тарту талап етілді
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қазақстанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ инвесторы Лакшми Миттал мен басқарушы Палаватху Кришнанды "қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қасақана әрекетсіздігі" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Петиция авторлары соңғы 15 жылда аталған нысанда 100-ден астам адам қаза тапқанын, бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын артып жатқанын атап өткен. 2016-2022 жылдары компанияға қарасты кәсіпорындарда 18 апат болып, соның салдарынан 19 шахта қызметкері қаза тауып, тағы 45 қызметкер түрлі дәрежедегі жарақаттар алған. 2021-2022 жылдары “АрселорМиттал Теміртау” шахталарында төрт апат тіркеліп, 21 адам зардап шекті, 12 адам қаза тапты.

“Біз, петицияға қол қойған азаматтар, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының қожайыны Лакшми Миттал мен менеджері Палаватху Кришнанның қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әрекетсіздікке барғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз! Сондай-ақ компаниядағы еңбек жағдайын тексеруі тиіс мемлекеттік қызметкерлерді де естен шығармау керек!”, – делінген құжатта.

Сондай-ақ, үндеуде 5 жылда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 1 трлн теңге табыс тапқаны айтылған. Авторлардың дерегінше, компания өзінің менеджері Палаватху Кришнан Наир Биджуға 2021 жылы айына 31,3 млн теңге немесе күніне 1,01 млн теңге жалақы төлеген.

Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды.

Қазақстан президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.

Әлихан Смайылов Костенко шахтасындағы апаттың себептерін анықтау жөніндегі үкіметтік комиссияны басқарды. Қарағанды ​​облысына барып, марқұм кеншілердің туыстарымен кездескен Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сонымен қатар, президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.