×
443.44
480.51
4.88
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.44
480.51
4.88

«Біреуінің жағдайы ауыр»: Шахтадан аман шыққан кеншілердің жағдайы айтылды

31.10.2023, 10:11
фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Костенко шахтасындағы апаттан зардап шеккен кеншілердің денсаулығы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, медициналық мекемелерде 27 адам жатыр.

«Біреуінің жағдайы ауырға жақын, 24-і орташа және екеуі бірқалыпты. Барлық пациенттер қажетті медициналық көмек алып, оңалтудан өтіп жатыр. Қаза тапқан әрбір кеншінің отбасына меморгандардың басшылары мен депутаттар бекітілді», - деді облыс әкімі.

Әкім қаза тапқан кеншілердің кейбірі отбасындағы жалғыз асыраушы болғанын атап өтті.

«Көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, жалғыз асыраушысы және кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар анықталды. Қаза тапқандардың ипотека және басқа да несиелері мен тұрғын үй жағдайы туралы ақпарат жиналды. Қаза тапқандардың отбасына мемлекет тарапынан материалдық көмектің барлық түрі түсіндіріліп жатыр. «АрселорМиттал Теміртау» жерлеу шығынын ұйымдастыру және төлеу бойынша міндеттемесін орындап жатыр. Компанияның қалған міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалады. Оны облыс әкімдігі бақылауда ұстайды. Зардап шеккендер және олардың отбасына қажетті көмек дереу көрсетіліп жатыр», - дейді Ермағанбет Бөлекпаев.

Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды.

Қазақстан президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.

Қарағанды ​​облысына барып, марқұм кеншілердің туыстарымен кездескен Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сонымен қатар, президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.

Қазақстанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ инвесторы Лакшми Миттал мен басқарушы Палаватху Кришнанды "қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қасақана әрекетсіздігі" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.

Белгілі экономист, 2022 жылы президенттікке үміткер болған Мейрам Қажыкен билік Костенко шахтасындағы апатқа бар кінәні "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының акционері Лакшми Митталға жауып отырғанын, ал шын мәнінде кеншілердің өліміне 90% үкіметтің өзі кінәлі екенін мәлімдеді. Алайда премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметті ақтап, жауапкершілікті кәсіпорын басшылығына ысырды.

Серіктес жаңалықтары