ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмагамбетова елімізде қызылша ауруы өршіп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жыл басынан бері елімізде қызылша жұқтырудың 11 057 дерегі тіркелді. Ауру жұқтырғандардың 83%-ы 14 жасқа дейінгі балалар, 2,7% жасөспірімдер және 13,8% ересектер. Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелді. Атап айтқанда, Алматы қаласында – 2031 жағдай, Шымкент қаласында – 2026 жағдай, Жамбыл облысында 392 жағдай және Алматы облысында – 1111 жағдай», - деді Айжан Есамағамбетова.
Вице-министрдің айтуынша, қызылша жұқтырғандардың көбі – вакцина алмағандар.
«Аурудың алдын алудың бірден-бір шарасы вакцинация болып табылатынын ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін балаларды 6 айдан бастап, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакцинациялауды енгізу жоспарланып отыр», - деді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қостанай облысында қызылша дертіне шалдыққандар саны артқаны хабарланған.