Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде сұйытылған мұнай газы қаншалықты қымбаттайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, сұйытылған газ бағасы өзіндік құнынан төмен болғандықтан, өндірушілер оны жеткізуге мүдделі емес.
«Сұйытылған газ біздің мұнай-газ-химия саласындағы ауқымды жобаларымызға пайдаланылады. Біз полипропилен жобасын бастадық. Қазір жобалық қуатына шығып келеді. Полиэтилен және бутадиен өндірісіне байланысты жобалар бар. Сұйытылған газ мұнай-газ-химия саласындағы бірегей өнім деп есептеледі. Ал ол жобалар жаңа жұмыс орнын ашуға, қосылған құн жасауға көмектеседі. Осыған байланысты күрт өскен сұранысты экспортты қысқарту есебінен шешеміз. Біз бұл ресурстар шектеулі екенін түсінеміз. Сондықтан аталған мұнай-газ-химия зауыты іске қосылғаннан кейін сұйытылған мұнай газына лимит белгілейміз», – деді министр.
Сонымен қатар, тілшілер Сәтқалиевтен сұйытылған газ алдағы уақытта қаншалықты қымбаттауы мүмкін екенін сұрады.
«Сұйытылған мұнай газының бағасын кезең-кезеңімен, бірден өсіп кетпейтіндей етіп өзіндік құнына дейін жеткіземіз. Қазақстанда қазір баға диапазоны бар. Бір литрі - 50-80 теңге аралығында. Алайда бұл өнімнің өзіндік құны – кемінде 110 теңге. Бұл бағаны бірден қоймаймыз, бірте-берте соған жеткіземіз», — деп жауап берді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын Алмасадам Сәтқалиев баға өсетінін ескертіп, қазақстандықтарға өз көліктерін сұйытылған газға ауыстыруға асықпауға кеңес берген.
Қазақстан сұйытылған мұнай газын автомобиль көлігімен әкетуге үш жыл мерзімге және теміржол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салмақ. Энергетика министрлігі бұл шектеу елдің ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қазақстаннан автогаз әкетуге тыйым бұған дейін де салынғанын айта кеткен жөн. Мұндай бұйрықтар 2017 жылы да шығарылған, құжаттар сұйытылған мұнай газын автомобильдермен шетел асыруға 3 жылға тыйым салды. Алайда бұған дейін теміржол көлігіне қатысты шектеу болмаған.
Қаңтар-шілде айларында елімізде өндірілетін отынға жалпы сұраныстың 85%-ға жуығы қазақстандық автогаздың негізгі сатып алушылары саналатын бес елден түсті: