Қазақстандық БАҚ-та Болат Назарбаевтың жүрек талмасымен ауруханаға түскені туралы мәлімет тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
365info.kz порталының жазуынша, алдын ала қойылған диагноз - қайталанған миокард инфаркті.
Қазақстанның экс-президентінің інісі 3 қараша күні кешке Алматының Орталық клиникалық ауруханасына ауыр халде жатқызылды. Басылымның мәліметінше, оның жағдайы тұрақты және ауыр деп бағаланып, бүйрек жеткіліксіздігі көрсеткіштерінің нашарлауы да байқалған.
Бұл оқиғаға қатысты аурухана әкімшілігі демалыс күндері екенін және “мамандардың сенбіде демалатынын” айтып, журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.
Белгілі болғандай, соңғы бірнеше жылда Болат Назарбаев төсек тартып жатыр. Бұған дейін дәрігерлер оған көмей ісігі деген диагноз қойған. Болат Назарбаевта қант диабеті мен бүйрек жеткіліксіздігінің болуы жағдайды қиындатады.
Айта кетейік, бұған дейін Болат Назарбаевтың өкілі оның “Алтын орда” базарына қатысы жоқ екенін мәлімдеген.