×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

884,8 млрд теңге: Медсақтандыру қоры түскен қаржыны қайда жұмсаған

06.11.2023, 15:14
884,8 млрд теңге: Медсақтандыру қоры түскен қаржыны қайда жұмсаған
Sputnik

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсетін және жұмсалатын қаражат туралы есеп жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қордың баспасөз қызметі ӘМСҚ қаражатты екі көзден – ТМККК және МӘМС-тен алатынын мәлім етті.

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржылық қызметінің ашықтығы тұрақты сынға түсетіні белгілі. МӘМС-ке жіберілетін аударымдар мен жарналардың қалай және қайда жұмсалатыны туралы қазақстандықтар БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде әрдайым сұрап келеді. Өз кезегінде, қаржылық есептер мен тұрақты өткізілетін аудиттердің міндетті түрде жарияланып тұратынына қарамастан, ӘМСҚ қысқа және түсінікті сандар негізінде Қорға түсетін және сол жұмсалатын қаражат туралы жария есепті енгізуді жөн көрді”, – делінген хабарламада.

2023 жылдың 9 айында қордың Ұлттық банктегі шоттарына МӘМС-ке арналған жарналар мен аударымдар түрінде 884,8 млрд теңге түскен. Оның 37,5%-ын жұмыс берушілер төлесе, 33,3%-ын 15 санаттағы азаматтардың сақтандыруын қамтамасыз ететін мемлекет төледі, ал 29,1%-ы жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі төлеушілерге тиесілі.

“ӘМСҚ-ға қатысты жиі айтылатын сынның бірі – Қор өзінің қызметін қамтамасыз етуге көп қаражат жұмсайды деген көзқарас (шығындар ішіне – жалақы, қызметтік орындарды жалға алу, техникалық қолдау және т.б. арналған ағымдағы шығындар кіреді). Аталған шығындардың максималды мөлшері Үкіметтің қаулысымен шектелген. Осылайша, рұқсат етілген ең жоғары деңгей – Қорға түсетін түсімдердің 1,33%-дан артық болмауы тиіс. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша ӘМСҚ және оның 20 филиалдарының жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалған қаражат мөлшері 8,5 млрд теңгені немесе 0,96%-ды құрады”, – деп мәлім етті қордағылар.

Осы жылдың 9 айында медициналық ұйымдар көрсеткен қызметтер үшін қор МӘМС бойынша түскен 884,8 млрд теңгенің 686 млрд теңгесін төлеген, ТМККК бойынша – 1,067 трлн теңге.

“Осылайша, 9 ай ішінде пациенттерге көрсетілген қызметтер үшін медициналық ұйымдар қор арқылы 1,75 трлн теңге қаражат алды. Оның басым бөлігі – стационарлық, емханалық және әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша қызметтер”, – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, жуырда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медициналық сақтандыру жүйесін сынап, оған «реформа сəтті іске аспады» деп баға берді.

«Медициналық көмектің сапасынан бұрын біз қазіргі уақытта оның қарапайым қолжетімділігіне зəру болып қалдық. Осыған орай, неге бұл реформа сəтті іске аспады жəне енді не істеу керек деген сұрақтарға жауабымызды беруге тырысайық», - дейді ол.