×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

SpaceX Қазақстан ауылдарындағы 2 мың мектепті 5G желісіне қашан қосып береді

08.11.2023, 08:36
Коллаж: Ulysmedia.kz

Үкіметте 5G технологиясын енгізу және шалғай елді мекендердегі мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында байланыс операторларының 800-ден астам 5G базалық стансасы орнатылғанын баяндады.

Бұл ретте технологияны енгізуді жеделдету үшін байланыс стансаларын іске қосу мерзіміне айтарлықтай әсер ететін реттеуші бірқатар кедергілерді жою қажет. Бұл жабдықты монтаждау рәсімдерін жеңілдетуге, санитариялық ережелерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге, жер телімдерін уақтылы беруге және т.б. қатысты.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G желісін енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс екенін еске салды. Осыған байланысты Премьер-министр артық әкімшілік кедергілерді жедел жойып, халықты сапалы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

«Сондай-ақ жиында биылғы қазан айында 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы тестілік режимде кең жолақты интернетке қосылғаны айтылды. Бұл желідегі деректерді беру жылдамдығы секундына 200 Мбит-ке жетеді.

Жалпы, осылайша, республиканың шалғай елдімекендеріндегі 2000 білім беру нысанын жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланып отыр. Аталған жұмыс шеңберінде тиісті жабдықтарды жеткізу және оларға техникалық қызмет көрсету жүзеге асырылатын болады», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын әлеуметтік желілерде Түркістан облысында мұғалімдердің электронды журнал толтыру үшін интернет іздеп, дала кезіп жүргені бейнеленген сурет тарады.

Сурет Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Аққұм ауылында түсірілген. Облыстық әкімдік мәліметінше, ауылда 432 адам тұрады. Ауыл тұрғындарына «Кселл» компаниясы ұялы байланыстың 2G және мобильді интернеттің 3G буыны бойынша қызмет көрсететіні хабарланды.

Желіде тараған суретке пікір білдірушілер еліміздегі ауылдардың көбінде интернетті пайдалану мұң екенін айтып, жұрт бейінді министрлік жұмысын сынға алды.

Елімізде интернет сапасына қатысты шағым көп. Шалғай ауылдарды айтпағанда Астананың өзінде интернет жылдамдығы көңіл көншітпейді дейді жергілікті тұрғындар. Ал шілдеде министр Мусин интернет жылдамдығы жағынан Астана Токионы басып озғанын мәлімдеген.

«Сіздер де Speedtest халықаралық рейтингіне сүйенсеңіздерші. Егер осы халықаралық рейтинг Астананың 35 позицияға көтерілгенін жазса, демек, біз 35 қаланы озып кеттік. Тіпті Токионы басып оздық. Сол рейтингті жасаған мен емес қой!?» - деген еді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол жуырда елорданың кейбір аудандарында интернет сапасының нашар болуы себебін түсіндірген.

 

Серіктес жаңалықтары