×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Эмиграция құралы ма: «Болашақтың» 270 түлегі елге оралмаған

09.11.2023, 16:33
Эмиграция құралы ма: «Болашақтың» 270 түлегі елге оралмаған
abai.kz

Сенат депутаты Андрей Лукин Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет басшысы жолдаған депутаттық сауалында сенатор мамандардың шетелде білім алуына бөлінген қаражат тиімсіз игеріліп жатқанын, жымқырылғанын айтты. Оның сөзінше, Ғылым және жоғары білім министрлігі жағынан тиісті үйлестірудің болмауы салдарынан жүгенсіздіктерге жол беріліп отыр.

«Шәкіртақы иегерлерінің еңбек етуі мен оларды оқытуға жұмсалған бюджет қаржысын өтеуге мониторинг жүргізетін тиімді тетік жоқ. «Болашақ» түлектері халықаралық стипендияны беруге арналған үміткерлерді іріктеу қағидаларына сәйкес Қазақстанға оралу және мамандығы бойынша үздіксіз еңбек ету туралы талаптарды кейбір жағдайда бұзып келеді», - деді А.Лукин.

Депутаттың айтуынша, бюджет қаржысына шетелде оқығандардың Қазақстанға қайта оралмауының мың дерегі белгілі. Сондай-ақ, ол шәкіртақыдан қағылғандар мен бас тартқандардың берешегі 6,6 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. Сенатордың пікірінше, аталған деректер оқытудың мақсатсыз бағыттарын көрсетеді.

«Шетелде оқытылған мамандық пайдаланылмай жатыр. Бұл жоба жекелеген жағдайларда эмиграция құралына айналды, 270 түлек шетелде қалды. Сонымен қатар жоба оқу туризміне айналған. Орталық іс жүзінде еңбек нарығының нақты қажетіне сәйкес шетелде мамандар даярлауды ұйымдастыру деңгейінің төмендігін көрсетіп отыр. Бұған стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың болмауы, салалық министрлік жағынан тиісті үйлестірудің жоқтығы себеп болып тұр», - деді Сенат депутаты.

Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасының мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды (магистратура, докторантура) және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.

Жуырда «Болашақ» бағдарламасын және сонымен қатар халықаралық білім мен ғылым бастамаларын іске асыратын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы қызметіне Әлия Оспанова тағайындалды.