Алдағы жылдары Қазақстанда 125 мамандыққа сұраныс төмендеп, тағы 100-ге жуық мамандық жаңа технологиялардың ықпалымен өзгереді. Сонымен қатар еңбек нарығында, әсіресе ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында жұмысшы кадрлар тапшылығы байқалып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Министрдің айтуынша, мәселе кейбір мамандықтардың жойылып, жаңаларының пайда болуымен ғана шектелмейді. Қазірдің өзінде колледждер экономикаға қажетті мамандарды тиісті көлемде даярлап жатқан жоқ. Кадр тапшылығы әсіресе ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында айтарлықтай сезіледі.
– Ауыл шаруашылығы саласына 73 мың маман қажет. Ал бұл бағытта білім алып жатқан студенттер саны – 12,7 мың, яғни сұраныс ұсыныстан 5,7 есе жоғары. Бұл алшақтық өңірлер мен салалардың кадр қажеттілігіне қарай мемлекеттік тапсырысты қайта бөлуді талап етеді, – деді Сүлейменова.
Осындай жағдай құрылыс саласында да қалыптасқан. Бұл салаға 102 мың маман қажет болса, қазір осы бағытта 22,4 мың адам білім алып жатыр, яғни сұраныс студенттер санынан 4,5 есе көп.