×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Ерекше жағдай – үлкен қылмыс»: Әшімбаев Бишімбаевтың ісі жайлы

10.11.2023, 12:23
Коллаж: ulysmedia.kz.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері тек заңмен реттелмейтінін айтады. Оның сөзінше, жастардың бала кезден тәрбиесін күшейту керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кеше бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынғаны хабарланған болатын. Оқиға орнында Бишімбаев ұсталған. Бұрынғы шенеунік әйелі Салтанат Нүкенованы соққыға жыққаны, әйелі алған дене жарақаттарынан көз жұмғаны белгілі болып отыр.

Осындай резонансты жағдайлар қоғамда әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық жасайтындарға жазаны күшейту мәселесін қайта өзектендіре түседі. Заң бойынша зорлық жасайтындарға жаза күшейтіліп те жатыр. Десе де, зорлық-зомбылық бәрібір тіркеледі. Осы ретте Парламенттің қос палатасы – Сенат пен Мәжіліс әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін заңнамалық және құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ете алып отыр ма? Бүгін Ulysmedia.kz тілшісі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа осы сұрақты қойды.

– Кейінгі жылдары біз осындай жағымсыз жайттардың, қылмыстардың алдын алу үшін заңнаманы өзгерткенбіз. Біздің қылмыстық кодекстің тиісті баптарын өзгертіп, осындай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейттік. Сіз айтып отырған оқиға – ерекше жағдай. Ол - үлкен қылмыс. Тергеу органдары бәрін анықтайды, ары қарай сот шешімі болатын шығар. Сот жазаны да, жауапкершілікті де анықтайды, – деді Әшімбаев.

Сенат төрағасының отбасындағы зорлық-зомбылықты азайту үшін бірнеше мәселеге назар аудару керек деп есептейді. 

– Егер заңнаманы ары қарай күшейту керек болса, біз оған дайынбыз. Біз оған дейін де оны жасадық. Егер ары қарай да қоғам талабы болса, біз мамандармен ақылдаса отырып, ол қадамдарға да барамыз. Оған күмән болмауы керек. Тек заңнаманы өзгертумен бұл мәселені шешуге болмайды. Жалпы заңдарды қатайтқаннан мәселе шешіліп кетпейді. Сонымен қатар, жалпы адамдардың, жастардың мәдениет деңгейін де көтеру керек секілді. Елімізде осындай бағыттарда азаматтарымыздың мәдениетіне қатысты да үлкен жұмыстарды жүргізу керек деп ойлаймын. Бұл бағыттарда тиісті министрліктер, мемлекеттік органдар жұмыстарды атқарып жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз шығар. Жалпы түсіндіру, ағарту жұмыстары керек екені анық, – дейді ол.

Мәулен Әшімбаев мектептерде, университеттерде жастарды тәрбиелеу жұмыстарын күшейту керек деп санайды. 

– Тәрбие бала кезден қалыптасады. Мектептен бастап түсіндіру керек. Қыз бен баланың арасында қарым-қатынас қалай болуы керек? Қалай бір-бірін құрметтеуі керек? Қыздарға қол көтермеу керектігін бала кезден ер балаларға түсіндіре беруіміз керек. Бұл жерде тәрбие жұмыстарында үлкен олқылықтарды көріп тұрмыз десек артық болмайтын шығар, – деп түйді Әшімбаев.

Серіктес жаңалықтары