Алматы қалалық соты 2022 жылы Қаңтар оқиғалары кезінде қалалық әуежайды басып алу ісі бойынша сотталғандардың апелляциялық шағымын қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот шешімі
Бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалды.
Әуежай, қызмет көрсету және әуе компаниясы ғимаратының өкілдері жәбірленуші болып танылған. Сот оларға келтірілген шығынды жәбірленушілердің пайдасына өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша үкім
11 шілдеде белсенді Әйгерім Тілеужанова төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Белсенді Қалас Нұрпейісов 8 жылға сотталып кетті. Нұрлан Далибаевқа да 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ермұхамет Шілібаев пен Жанайдар Карменов та сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
Шілде айының басында Әйгерім Тілеужанова Бас прокурор Берік Асыловты кінәсіздік презумпциясын бұзғаны үшін сотқа берген еді. 2023 жылдың 5 қаңтарында Мәжілістің жалпы отырысында Асылов депутаттардың Қаңтар оқиғалары туралы сұрағына жауап бере отырып, Тілеужанова мен белсенді Нұрпейісовті сот үкімі шықпай тұрып, "діни экстремистер", сондай-ақ "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар" деп атаған еді.
Алайда Бас прокуратура мұны кінәсіздік презумпциясын бұзу деп есептемеді. Сот Асылов жағына шығып, журналистің талабын толық көлемде қанағаттандырудан бас тартты.
2022 жылдың басында Қазақстанда Жаңаөзенде газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылық басталып, мұның арты ірі қалалардағы митингтерге, артынша тәртіпсіздіктерге ұласты. Оларды басу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдерінің қарулы күштерін шақырды. Қазақстан билігі тәртіпсіздіктер үшін "террористерді" айыптады. Қаңтар оқиғалары кезінде 238 адам құрбан болды.