ҚР премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль мемлекетінің Сыртқы істер министрі Эли Коэнмен сөйлесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, Израиль Сыртқы істер министрі Таяу Шығыстағы Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы арасындағы қақтығыс аясындағы қазіргі жағдаймен таныстырды.
М. Нұртілеу қақтығыстың шиеленісуіне және әскери іс-қимыл аймағындағы жағдайдың өршуіне алаңдаушылық білдірді. ҚР СІМ басшысы қазіргі қақтығысқа қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді.
“Қазақстан министрі қақтығысушы тараптарды Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықтың жолдарын іздеуге шақырды. Бұл мәселенің бүкіл әлем қауымдастығы үшін жаһандық маңызы бар екеніне назар аударды. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД Саммитіндегі мәлімдемесін атап өтіп, жағдайдың шиеленісуі тек Таяу Шығыста ғана емес, жалпы әлемде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін баса айтты. Осыған байланысты Қазақстан Израиль-Палестина шиеленісін бейбіт келіссөздер мен дипломатиялық диалог арқылы шешуге бейілді”, – делінген хабарламада.
М. Нұртілеу израильдік әріптесіне Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесу туралы сенімді өтініш білдіріп, бұл міндеттің еліміз үшін бірінші кезектегі басымдық екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Э. Коэнді қазақстандықтардың Отанымызға тезірек оралуы бойынша Мысыр билігімен жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы хабардар етті.
Министр Э. Коэн берілген ақпарат үшін әріптесіне алғыс айтып, Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынына және бұл мәселені өзінің жеке бақылауға алатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.
Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.
Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапқаны хабарланған.
6 қарашада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс аймағында Қазақстанның 76 азаматы, отбасы мүшелерімен бірге санағанда 161 адам барын мәлімдеді.