Президент әкімшісі Айбек Дәдебаев тазы мен төбеттерді сақтау, сондай-ақ олардың қазақтың төл тұқымы ретінде халықаралық деңгейде танылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мемлекеттік органдардың, депутаттардың, кинологиялық ұйымдардың келісілген әрекеттерінің арқасында (біз) жақсы нәтижелерге қол жеткіздік», - деп жазды Дәдебаев.
Ол келесі жылы Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығы толық жұмыс істеуі керектігін, Жоғары білім және ғылым министрлігі арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен экспедицияларға көп көңіл бөлінетінін айтты. Оның дерегінше, Генетика және физиология институты Тазы генофондын анықтау бағытында зерттеуді аяқтаған. Келесі жылы ғалымдар Төбет генофондын зерттеуге кіріседі. Зерттеу нәтижелері осы екі тұқымды қалпына келтіру және сақтау үшін қолданылады.
«Сонымен қатар Қазақстан кинологтар одағы халықаралық кинологтар көрмесін, соның ішінде «Тазы» көрмесін ұйымдастыруды бастайды. Келесі жылдың мамыр айына жоспарланған бұл іс-шараға FCI басшылығы еліміздің ұлттық мұрасын сақтау бойынша қаншалықты маңызды және жүйелі жұмыс атқарып жатқанын бағалау үшін Астанаға келеді деп күтілуде», - деді Дәдебаев.
Ол қазақы ит тұқымдары ежелден жеті қазынаның қатарына жатқызылғанын еске салды.
«Оларды сақтау – біздің буынның парызы», - деп түйіндеді сөзін ол.