×
443.44
480.51
4.88
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.44
480.51
4.88

Палестинаны жақтаған Грета Тунбергтің қолынан микрофон тартып алынды

13.11.2023, 08:16
фото: ашық дереккөзден

Амстердамдағы жиында швед экологиялық белсендісі Грета Тунбергтің қолынан микрофон тартып алынды. Бұған белсендінің Палестина мәселелері бойынша ұстанымы себеп болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тунберг аудитория алдына ақ-қара түсті палестиналық орамалмен шыққан. Сұрақ-жауаптан кейін ол сахнаға Израильді геноцид жасап жатыр деп айыптаған Палестина өкілін шақырды.

Жиынға қатысушылар Тунбергтің осы әрекетіне ашуланып, сахнаға тағы бір ер адам шығып, жиын саяси тақырыпқа емес, климат мәселелеріне арналғанын ескерткен.

“Оккупацияланған аймақта климаттық әділеттілік деген жоқ”, - деп айғайлады оған Тунберг.

Осыдан кейін күзетші наразы адамды алып кетті.

Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.

Қазақстан ХАМАС-тың  израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.

Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.

Бұдан бұрын Газа секторында Қазақстан азаматы қаза тапқаны хабарланған.

6 қарашада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс аймағында Қазақстанның 76 азаматы, отбасы мүшелерімен бірге санағанда 161 адам барын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары