×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Қазақстанда жұмысынан айырылып, жәрдемақыға жан баққандар саны өсті

13.11.2023, 12:42
Қазақстанда жұмысынан айырылып, жәрдемақыға жан баққандар саны өсті
фото: ашық дереккөзден

2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты 172,3 мың адам әлеуметтік төлем алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 166,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 37,8 млрд теңгені құрады.

“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның 8 өңірінде жұмыссыздар көбейгені хабарланған.

Қазақстанның экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары Лондондағы әріптестерімен бірлесіп жұмыспен қамту мәртебесін және оның халықтың әл-ауқатына әсерін бағалау үшін зерттеу жүргізді. Зерттеу аясында аймақтық әл-ауқат индексі жасалды. Халықтың еңбек нарығының статистикалық көрсеткіштерін талдай отырып, жұмыссыздық проблемасы 20 өңірдің 8-інде: Түркістан, Маңғыстау, Жетісу, Абай, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында аса өткір екені белгілі болды.

Елімізде шілдеде жұмыс іздеушілер саны маусым айымен салыстырғанда 38,8 мыңға (+71%) өскен. Сондай-ақ, шілде айында 53,8 мың қазақстандық жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алған. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,1%-ға артық, ал бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 96,4%-ға көп.

Сондай-ақ бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр.