Ақмола облысындағы «Көкше-Цемент» кәсіпорнының жұмысшылары жалақы мәселесін қайта көтерді. Олардың айтуынша, еңбекақы екі айдан бері төленбеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жергілікті пабликтердің авторы Любовь Пистовникова кәсіпорында 500-ден аса адам жұмыс істейтінін айтты. Оның айтуынша, жалақының кешігуі жұмысшылардың өзіне ғана емес, олардың отбасыларына да ауыр тиіп отыр.
– Қазір қаншама отбасы жалақы төленбегендіктен ақшасыз қалғанын елестетіп көріңізші. Бұл жағдай барлық жұмысшыға қатысты ма, әлде бір бөлігіне ғана ма, оны нақты білмеймін. Бірақ олардың отбасылары осы ақшаға тікелей тәуелді, – деді ол.
Пистовникованың айтуынша, дәл осындай жағдай тамыздың аяғында да болған. Сол кезде мәселе қоғам назарын аударып, жарияланған материалдардан кейін жұмысшыларға қарыз жалақысы төленген. Алайда арада көп уақыт өтпей, мәселе қайта қайталанған.
Олардың айтуынша, жұмысшылар аты-жөні мен қызметін ашық айтуға қорқады. Сондықтан жағдайды жасырын түрде жеткізуді сұрап отыр.
Кәсіпорындағы жалақының кешігуі туралы 2026 жылғы наурызда да хабарланған еді.
Сол кезде Біржан сал ауданының прокуратурасы «Көкше-Цемент» ЖШС мен «Степняк-су» МКК-ның 350 қызметкерге желтоқсанның жалақысын бермей отырғанын анықтаған.
Прокуратура араласқаннан кейін жұмысшыларға 60 миллион теңгеден астам қарыз төленді. Кәсіпорын басшылары жауапқа тартылып, компаниялар шамамен 2 миллион теңге көлеміндегі салық пен өсімпұл берешегін де өтеген.
Ашық деректерге сүйенсек, «Көкше-Цемент» ЖШС-ның құрылтайшысы – кәсіпкер Рашит Сәрсеновтің қызы Карина Сәрсенова.
«Көкше-Цемент» – Ақмола облысындағы цемент зауыты. Кәсіпорын жылына шамамен 2 миллион тонна өнім шығаруға қауқарлы.
Forbes-тің 2025 жылғы дерегі бойынша, Рашит Сәрсенов Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде тоғызыншы орында болған. Оның дәулеті шамамен 980 миллион долларға бағаланған.