×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жамбылдағы қуаңшылық: Қазақстан мен Қырғызстан диқандарға су беру жөнінде келісті

14.11.2023, 18:01
Жамбылдағы қуаңшылық: Қазақстан мен Қырғызстан диқандарға су беру жөнінде келісті
фото: ашық дереккөзден

Бішкекте өткен келіссөзде Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тараптар Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдады.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізге су жіберуді жақсарту үшін мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан осы тізбеге Күркіресу өзеніндегі құрылыстарымен «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төментамға» арналарын, Шу өзеніндегі «Колос» каналын және Талас өзеніндегі құрылыстарымен бірге «Кож» каналын енгізуді ұсынды.

«Биыл Жамбыл облысының шаруалары Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде суармалы су тапшылығын сезінді. Сондықтан осындай жағдай қайталанбас үшін қырғыз әріптестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейнінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды», – деді министр.

Айта кетейік, жазда Жамбыл облысында су тапшылығына байланысты шамамен 7,8 мың гектар егін қурап кеткені хабарланған.

Жамбылдық фермерлер көршілерді трансшекаралық өзенде су қоймаларын салды деп айыптап, дабыл қақты. Екіжақты кездесу өткенмен, тамыз айында су тапшылығы мәселесі шешіле қоймады. Қазақстандық фермерлердің наразылығына жауап ретінде қырғыз тарапы: «Қазақстанға су жеткізуде қиын жағдай туындады, қырғыз билігі өз ауылдары үшін суды үнемдеуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Қазақстанға су беруді тоқтату туралы шешім қабылданды», - деп жауап берді.

Қуаңшылыққа байланысты Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді.