Израиль қорғаныс армиясы Газа қаласының батыс бөлігін толығымен бақылауға алып, сектордағы операцияның келесі деңгейіне өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Аш-Шифа ауруханасындағы террористер базасы
Израильдің Қорғаныс министрі Йоав Галант айтуынша, Израиль әскери күштері Газаның батысындағы Аш-Шифа ауруханасында "маңызды олжа" тапқан. Атап айтқанда, ЦАХАЛ мәліметі бойынша медицина мекемесі аумағында ХАМАС террористік тобының командалық орталығы, сондай-ақ қарулар, оқ-дәрілер мен содырлардың жабдықтары қоймасы табылды. Сонымен қатар, Израиль қорғаныс армиясы Аш-Шифа аумағында орналасқан террористер қолданған туннельге кіретін бейнежазбаны жариялады.
ХАМАС айыптауларды жоққа шығарды
ХАМАС содырлары Израильдің ауруханада табылған қару-жарақ кадрларын "қойылым" деп атады. Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі эксклавтағы медицина мекемелері содырлар үшін база ретінде пайдаланылады деген айыптауларды да жоққа шығарды.
Еске сала кетейік, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге қарсы шабуыл жасады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын хабарлады.
Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.
Сондай-ақ, Қазақстан 120 елмен бірге Таяу Шығыста тез арада атысты тоқтатуды талап ететін қарарды қолдады. Көпшілік дауыспен БҰҰ Бас ассамблеясы бір топ араб елдері ұсынған Израиль мен Хамас арасында Газа секторындағы атысты тоқтатуды талап ететін қарарды мақұлдады. Бұл қарарға 120 ел дауыс берді, Израиль мен АҚШ-ты қосқанда 14 ел қарсы болды. Тағы 45 ел, оның ішінде Украина да қалыс қалды.