×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Астана кәсіпкерлері әкімдіктен не сұрайды

20.11.2023, 18:01
Ulysmedia.kz

Бүгін Астанада қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов елорданың бизнесмендерімен кездесіп, олардың уәжі мен өтінішін тыңдады. Әр салада жүрген қалталы азаматтар алаңдаулы. Бірі елордада құрылыстың баяулағанына, екіншісі мектептегі балалардың тамақтандыру мәселесін реттеуге, үшіншісі ақылы автотұраққа байланысты қала әкімінің позициясын білгісі келді. Үш сағатқа созылған жиын барысында Жеңіс Қасымбек бизнесмендерді алаңдатқан сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Астанада құрылыс тоқтамайды

Кәсіпкерлерді алаңдатқан бір мәселе – құрылыс жұмыстарының баяулауы. Осы проблеманы отырыста бірнеше кәсіпкер көтерді. Осының салдарынан қазір елорадада салымшылардың мәселесі қайтадан күн тәртібіне шығатын түрі бар. Қасымбек “құрылыс тоқтамайды” деп сендіргісі келеді. Десе де, бұл салаға заңнамалық тұрғыда өзгерістер енгізілетінін ескертеді.

– Кез келген кәсіпкер үй саламын десе, ГАСК-тан (мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесі) рұқсат алуы керек. Ал қазір іс жүзінде үйлер қалай салынып жатыр? Нысан қалай қабылданады? Үй салушы мен мердігер, технадзор мен авторлық надзор… Соңғы екеуін тапсырыс берушінің өзі белгілеп алады. Шын мәнінде, тапсырыс беруші не айтса, олар соны жазады. Не өрт сөндіру қызметі, не ГАСК – ешкім жоқ, – дейді Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің сөзінше, қазіргі уақытта Астананың мәртебесі туралы заңға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Оған сәйкес, құрылысы аяқталған үйді қабылдауға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы да, өрт сөндіру қызметі де енгізілетін болады.

– 2015-2016 жылы біз бизнес-процедураларды жеңілдеттік те, содан бері бақылау жоқ болып кетті. Содан кейін нақты құрылыс жоқ деп тағы шағымданамыз. Ал шын мәнінде, үй саларда ешкім әкімдіктен рұқсат алмайды. Соның салдарынан ақшасын қайтара алмай жүрген тағы екі жүз салымшы проблемасын мойнымызға артып аламыз.  Сол себепті заңға осындай өзгерістерді енгіземіз. Мемлекет басшысы Астананы дамыту жиынында осы бастамаларды қолдады. Астана мәртебесі туралы заңға аталған өзгерістер таяу арада енгізіледі, – деді Қасымбек.

Ақылы автатұрақтар – кулуарда шешілетін мәселе ме?

– Ақылы автотұрақтар бойынша ахуал түбегейлі түрде өзгерді. Бірнеше ай бұрын соған қатысты сот істері таяуда ғана аяқталды. Бір кездері беріліп кеткен жердің бәрі әкімдіктің басқармасына қайтарылды. Ақылы автотұрақтардан түсетін сома үлесі де өзгертілді. Қазір табыс ішінде әкімдіктің үлесі 25 пайыз, – деді Қасымбек.

Әкімнің сөзінше, ақылы автотұрақтардың локациясы түбегейлі өзгертіледі. Елордадағы әлеуметтік нысандардың маңайының бәрінен, ауруханалар мен мектептерден ақылы автотұрақтар алынып тасталады.

– Ол жерлерде автотұрақ тегін болады. Жалпы ақылы автотұрақ қала трафигінде мәселені реттеудің бір жолы екенін атап өту керек. Ақылы автотұрақ барлық ірі қалада бар. Оған қоса локацияны, уақытын өзгертумен қатар, біз келесі жылдан бастап қаладағы көшелердің кейбірі бір бағытты ғана болады. Біз қазірдің өзінде дайындалып жатырмыз. Қоғамдық тыңдаулар өтеді. Ақылы автотұрақтар мен бір бағытты жолдарға байланысты ешқандай кулуарлы шешімдер болмайды, – деді ол.

“Астана тартымсыз қала дегенге келіспеймін”

Жеңіс Қасымбек "Қазақстан астанасы тартымсыз қала" деген пікірмен келіспейді. "Егер солай болса, онда тұрғындар мен туристер саны жыл сайын өспес еді" дейді ол.

Әкіммен кездесуде ресторатор Гурген Басенцян Астананың кейбір қазақстандықтар мен шетелдіктер үшін тартымсыз болып көрінетінін және оның себептерінің бірі – климаттық жағдайлар екенін айтты.

– Астана туралы біз шақыратын қонақтар не дейді: сендерде суық, барғымыз келмейді дейді. Менің пікірім – қаланың беделін көтеру, оны кейбір халықаралық алаңдарда жарнамалау қажет. Біздің қаламыздан гөрі мысалы, жайлы уақыт өткізуге болатын Алматы туралы көп айтыла бастады, - деді ресторатор.

Оның айтуынша, отандық блогерлер мен белгілі тұлғалар, соның ішінде алматылықтар Астана туралы жағымсыз пікір айтады. Десе де Жеңіс Қасымбек Астана-жаман қала деген тезиспен келіспеді.

– Біздің қала жақсы. Шынында да, нюанстар бар, бірақ өсіп жатырмыз. Егер қала нашар болса, ол мұндай қарқынмен өспес еді. Адамдар өздерінің болашағы, бақыты үшін мұнда келмес еді. 25 жыл ішінде қала құрылды, 300 мыңнан 1,5 миллионға жуық тұрғынға дейін өсті. Олар мұнда қала балаларына болашақ, тұрақтылық береді деген үмітпен келеді. Адамдар ниеттеніп қалғандықтан, қала үмітті ақтайды, - деді Жеңіс Қасымбек.

Әкім Алматының тарихи туристік орталыққа айналғанын айтты. Бұған қолайлы климаттық жағдайлар да ықпал етеді. Дегенмен, елордада мейрамхана бизнесінің арқасында туристер саны артып келеді. Әкімдік мейрамхана бизнесін және басқа да қоғамдық тамақтануды қолдауға және дамытуға дайын. Сондай-ақ қонақүй бизнесін дамыту қажет, деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

- Имидж мәселелері бар. Үлкен блогерлер Астана туралы әрдайым оң пікір білдіре бермейтіні маған да ұнамайды. Шынында да, біздің Бас жоспарымыз әдемі. Бірақ абаттандыру мәселелері бар. Барлық азаматтар үшін, жаяу жүргіншілер үшін, мобильділігі төмен топтар үшін қолайлы орта мәселелері бар. Біз бұл мәселелермен айналысып жатырмыз, - деді елорда басшысы.

“Көп дәмеленіп қалмаңыз”

Отырыста кәсіпкерлер 584 теңге мектеп оқушыларын дұрыс тамақпен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз деп шағымданды.

Астана әкімі қала мектептерінде оқушылардың тегін тамақтануына тарифті арттыруға уәде берді. Бірақ "сіз үлкен өсімді күтпеуіңіз керек, өйткені бюджет басқа да маңызды мәселелерге бағытталады" деп атап өтті қала басшысы.

Әкімнің кәсіпкерлермен кездесуі кезінде "Отандастар" ЖШС басшысы Анастасия Захаренкова қазіргі 584 теңге сомасы өнім берушілердің пайдалануға және жалақыға жұмсаған шығындарын ескермейтін азық-түлік жиынтығының өзіндік құнын әрең жабатынын атап өтті.

– Бұл мәселе бұрынғы әкім Алтай Көлгіновтің алдында да бірнеше рет көтерілді. Сол кезде біз бұл сома шамамен 1 мың теңгені құрауы тиіс деген сұрақ қойдық. Бірақ біз бұл сомаға жете алмадық, - деді Анастасия Захаренко.

Жеңіс Қасымбек жақын арада әкімдік тарифті 700 теңгеге дейін арттыру үшін мәслихатқа құжаттар дайындап жатқанын хабарлады. Ол келесі жылы соманы 800 теңгеге жеткізу үшін өсім бірнеше кезеңде жүргізілетінін айтты. Бұл ретте әкім мұның бәрі бүкіл қала үшін жалғыз бюджет мүмкіндігіне байланысты екенін атап өтті.

– Сіз бұл мәселе ең маңыздыларының бірі екенін атап өттіңіз. Бірақ бақтар, мектептер салу, жылу мен сумен қамтамасыз ету де –  маңызды мәселелер. Егер біз ақшаның бәрін осында тартатын болсақ, онда басқа сұрақтар басы ашық қалады. Сіз бізді түсінуіңіз керек. Мен сізге бір балаға шамамен 700 теңге болатыны туралы сөз беремін. Бізде бюджеттің жартысынан көбі екі басқармаға кетеді: білім басқармасы және денсаулық сақтау басқармасы. Біз даму бюджетімен де айналысуымыз керек, егер біз инфрақұрылым құрмасақ, онда бізде салық төлеушілер болмайды, олардың есебінен біз балалардың тамақтануын төлейтін боламыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Серіктес жаңалықтары