Халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы шетелге жіберілген жеке тұлғалардың ақшасы биыл қаңтар-тамыз айларында 644,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,4% артық, деп хабарлайды ranking.kz.
Өз кезегінде шетелден алынған қаражат көлемі бар болғаны 186 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-тамыз айларына қарағанда 4,5% артық. Осылайша, шетелге жіберілген қаражат көлемі келген көлемнен 3,5 есе асып түсті. Бір жыл айырмашылық 2,6 есе болды.
Қазақстаннан ақша алушы елдер арасында Өзбекстан көш бастап тұр: 191 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Одан кейін Түркия (127 млрд тг) және Ресей (122,2 млрд тг) тұр. Сондай-ақ, қаражаттың едәуір көлемі Қырғызстанға тиесілі, онда 99,6 млрд теңге аударылды.
Бізге қаражат жіберуші елдер арасында Ресей көш бастап тұр: 39 млрд теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22% аз.
Одан кейін Өзбекстан (29,5 млрд тг) және Оңтүстік Корея (27,6 млрд тг) тұр. Қырғызстан мен АҚШ-тан тиісінше 21,4 млрд теңге және 21,2 млрд теңге алынды.