×
$
445.65
508.71
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
445.65
508.71
5.3

Құрылтай депутаттары Халық кеңесінің жұмысына араласа алмайды - Тоқаев

Бүгін, 11:51
Құрылтай депутаттары Халық кеңесінің жұмысына араласа алмайды - Тоқаев
Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа институт пен Ұлттық Құрылтайдың өзара жұмысы мен айырмашылығына тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ассамблея, Қоғамдық сенім кеңесі және Құрылтай өз миссиясын орындады

Сөз басында Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елдік мәселелерге қатысты жұмыс істеген консультативтік-кеңесші органдардың қызметіне тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосып, Қазақстанды бейбітшілік, өзара сенім мен келісімнің ошағы ретінде танытуға ықпал етті.

Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға атсалысты.

– Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогті одан әрі тереңдете түсті. Бұл құрылым аясында практикалық тұрғыдан құнды бастамалар көтерілді. Соның арқасында 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халық кеңесі не үшін құрылды?

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа институттың құрылуына қатысты ойын да айтты. Оның сөзінше, елдегі түйткілдерді ашық талқылап, халықтың ұсыныс-пікірін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құру жоспары бұрыннан болған.

«Қазақстан Халық Кеңесі» атауын да президенттің өзі Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға ұсынған.

– «Қазақстан Халық кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Халық кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.

Халық кеңесі Құрылтайға балама емес

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа институт пен Құрылтайдың өкілеттіктерін нақты ажырату қажет екенін атап өтті.

– Алайда мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық кеңесі  Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды, – деді Президент.

Оның айтуынша, Халық кеңесі депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша мұндай әрекеттерге оның құқы жоқ. Сол сияқты Құрылтай депутаттары да Халық кеңесінің жұмысына араласа алмайды.

– Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет, – деді Тоқаев.

Президент екі институттың ортақ мақсаты бар екенін атап өтті.

– Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, заң жобаларын әзірлеу кезінде халықтың пікірі мен талап-тілегін толық ескеру маңызды. Осы ретте Құрылтай мен Халық кеңесінің бірлескен жұмысы қоғамдық ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік береді.