«Оңтүстік» шағын аудандағы (бұрынғы Чапаевка ауылы) бірнеше ауланы кәріз суы мен лай басып қалды. Зейнеткер Людмила Панкратова баспанасынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
74 жастағы әжей судың тез көтерілгенін айтты. Зейнеткер иттері мен тауықтарын құтқаруға асыққан. Көршісінің үйіне түнеп шығып, таңертең баспанасыз қалғанын көреді: үйінің қабырғасы опырылып, едені мен ауласы лайға толып қалған. Біраз уақыттан кейін үйдің екінші қабырғасы опырылып түсті.
«Бәрі түнде құлады, түнде көршімнің үйіне түнеуге тура келді, таңертең келсем, бәрі қоқыс болып жатыр. Еденнің астына су кіріп кеткен, тақтайлардың бәрі көтерілген, барлық жерде жарықтар бар, кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Мен мұнда 23 жылдан бері тұрамын, мұндай төтенше жағдай болған емес. Баратын жерім жоқ, қызым, мүлде жоқ», – дейді шымкенттік Людмила Панкратова.
Әйел ары қарай қалай өмір сүретінін білмейді. Оның үйді қалпына келтіретін қаражаты да жоқ. Людмила Панкратова түнгі су тасқынына жауаптылардан көмек сұрайды.
Толассыз жауған жаңбырдан зардап шеккен үйлерге жақын маңда кәріз құбыры жарылған. Мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Водные ресурсы-Маркетинг» ЖШС хабарлағандай, апат 60 жылдан бері тұрған ескі коллекторда болған. Серіктестік бас директорының айтуынша, кәріз желілерінің тозуы 77 пайызды құраған. Бұл ретте Анарбек Орман жергілікті тұрғындардың су тасқыны туралы арыз-шағымдары қаралатынына сендірді.
«Осы апаттың салдарынан бізге үйлерді су басу туралы бірнеше өтініш түсті, біз міндетті түрде комиссиялық негізде қараймыз. Тиісті шара қолданамыз», – дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орман.