×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Құйтырқы форматтағы шектеуді қою керек»: Депутаттар баспасөз картасына қарсы шықты

30.11.2023, 11:07
«Құйтырқы форматтағы шектеуді қою керек»: Депутаттар баспасөз картасына қарсы шықты
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжілісте мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева БАҚ-та қызу талқыланған «Масс-медиа туралы» заң жобасын қорғап жатыр. Отырыста Айдос Сарым депутаттар даулы баспасөз картасына қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Аманатқа қиянат болмасын деген ниетпен журналистік қауымның нақты бір сұрағын өзіңізге қойғым келіп отыр. Медиақауымдастық өкілдері үкімет ұсынған заң жобасындағы баспасөз картасына қатысты наразылығын ашық айтты. Журналистердің пікірінше, бұл норма журналистерді алалауға, бөлуге алып келуі ықтимал. Бұл журналистердің құқығын шектеуі мүмкін. Қоғамдық палата мүшелері де баспасөз картасы журналистердің еркіндігі мен ақпарат алу мүмкіндігін шектеуге бағытталған норма деп отыр. Біз Аманат фракциясы бұл нормаға үзілді-кесілді қарсымыз. Мұндай құйтырқы форматтағы шектеуді енгізуді қою керек деп санаймыз. Осыған орай Мәжілістегі Аманат фракциясының депутаттары өз алаңдаушылығын білдіріп, салыстырмалы кестеден оны алып тастау туралы өзгерістер ұсынған. Осы нормаға салалық министр ретінде көзқарасыңыз қандай?» – деп сұрады Айдос Сарым.

Бұл сұраққа жауап берген Аида Балаева бұл тармақ, бұл бастама журналистердің құқығын еш бұзбайтынын айтты. 

«Біздің минисрліктің 2024 жылғы жұмыс жоспарында медиа саласына қатысты барлық мәселелерді реттеу үшін біз медиа платформа жасақтап, оны қосуды қарастырып отырмыз. БАҚ-тың заңды есепке тұруы, шығуы, газет-журналдардың түп негізін сақтау мәселелері, аккредитация мәселелерін автоматтандыру мәселелері болатын. Сондықтан, сол тұрғыда біз оның барлығын ақпараттық технология заманында ол мәселені де автоматтандырып, журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған норма болатын», – дейді министр.

Балаева заң жобасының ең қызу талқыға түсіп, депутаттық корпусты да, «журналистерді де екіге бөліп отырған» норма болғандықтан, екінші оқылымға дейін тағы жан-жақты қарап, ортақ мәмілеге келсек болады дейді. 

«Белден басып, тек өзіміздің нормамызды енгіземіз деген жоқ. Ең басты заң жобасы, жалпы заң журналистердің мүддесіне, статусын арттыруға бағытталған. Сондықтан, оны бірге қарайық», – дейді министр.