×
$
455.86
528.84
5.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455.86
528.84
5.25

Журналист Олеся Вертинская екі айға үйқамаққа алынды

Бүгін, 12:35
Журналист Олеся Вертинская екі айға үйқамаққа алынды
Әділ сөз

3 қыркүйекте Атырау соты жергілікті «Дорожный патруль» порталының журналисі әрі белсенді Олеся Вертинскаяны екі ай мерзімге үйқамаққа алу бұлтартпас шарасын тағайындады. Бұған дейін әлеуметтік желілерде қалалық прокуратура ғимаратының маңында полиция қызметкерлерінің оны күшпен алып кеткен сәті түсірілген видео тараған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Әділ сөз" қорына сілтеме жасап.

Мән-жай

Қолда бар ақпаратқа қарағанда, Вертинскаяға қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігінің 2 және 5-тармақтары — «Қасақана денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша тергеліп жатыр. Айыптаудың нақты мән-жайы және үйқамақ түріндегі бұлтартпас шараны таңдауға негіз болған себеп әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

Жарияланған кадрлардан полиция қызметкерлерінің Вертинскаяны ғимараттан күшпен алып шыққанын көруге болады. Сол сәтте журналистің қолында жылаған баласы болған. Атырау облысының Полиция департаменті болған жағдайды «мәжбүрлеп жеткізу» деп атады. Ведомствоның мәліметінше, журналист куәлік беру үшін бірнеше рет шақырылған. Алайда Вертинская мен оның қорғаушысы заң талаптарын орындамағандықтан, тергеуші оны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарған.

Полиция қаулыны орындау кезінде Вертинская қызметкерлердің заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсеткенін мәлімдеді. Видеода көрінген және полиция нұсқасы бойынша қызметкерлердің жұмысына кедергі келтірген басқа адамдардың әрекеттеріне де құқықтық баға берілетіні айтылды. Кейін Вертинская босатылғанымен, сол күні сот үйқамақ түріндегі бұлтартпас шарасын таңдау туралы өтінішті қанағаттандырды. Журналист сот-медициналық сараптамадан өтті.

Бұған дейін

Олеся Вертинская бұған дейін Атырау қалалық прокуратура мен полиция басқармасының ғимараттарында бірнеше рет пикет өткізген. Сондай-ақ оған шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры адамның бостандығын едәуір шектейтін бұлтартпас шара қажетті, негізді және нақты тәуекелдерге сай болуы керек деп есептейді.

– Күдіктінің тергеуден жасырынуы, тергеуге кедергі келтіруі немесе заңсыз әрекетін жалғастыруы мүмкін екеніне нақты негіздер болмаған жағдайда, үйқамақ қолдану туралы шешім ерекше мұқият негізделуге тиіс. Қор сондай-ақ мәжбүрлеп жеткізу кезінде күш қолдану жағдайға қатаң сай болуы және қажетті шектен аспауы керек, – делінген хабарламада.

Контекст

Еске салайық, мұның алдында павлодарлық әлдекімдер журналистің көлігінің дөңгелектерін жарып, үстіне бояу төккенін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының журналист әрі авторы Азамат Омаровтың екі айға жуық уақыттан бері тергеу изоляторында отырғанын жазған едік. Ол алауыздық қоздыру туралы бап бойынша қамауға алынған.

Халықаралық «Әділ сөз» қоры биліктен оған қатысты қылмыстық қудалаудың негіздерін ашық жариялауды талап етті.