Мемлекеттік келісімшарт бойынша жұмыс істейтін жеке меншік балабақшадағы оқиға елдің ашуын туғызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы "Диапазон" сайтына сілтеме жасай отырып.
Ақтөбе тұрғыны балабақшадағы балалардың еденде жөргекпен ұйықтап жатқанын, ал шкафта үстіне құрт-құмырсқа үймелеген дәрі-дәрмектерді видеоға түсіріп алған.
"Амир" балабақшасындағы балалардың ата-аналары сәбилерінің денесінің көгергенін байқаған. Осы себепті аналардың бірі мекемеге барып, жағдайды анықтамақ болған.
Балабақшаға аяқастынан барған ата-ана ондағы балалардың жағдайын көріп таңғалады. Қараса, екі жасар балалар үстіне киген футболка және жөргектерімен еденде жартылай жалаңаш ұйықтап жатқан. Ал енді бірі сырт киімдердің арасында дәлізде ұйықтап қалған. Сонымен қатар шкафта құрт-құмырсқа қаптаған дәрі табылған. Ата-ана оның бәрін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Оған қоса ата-аналар тәрбиешілердің балаларына физикалық тұрғыда күш көрсететінін де айтады. Олар полицияға, прокуратураға және санитарлық-эпидемиологиялық қызметке ұжымдық үндеу жазды.
Білім бөлімінде 2023 жылы бұл балабақшада 70 балаға арналған мемлекеттік келісімшарт жасалғаны туралы хабарланды. Бұл әр балаға 46 189 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта балабақшамен мемлекеттік келісімшарт жойылып, жеке балабақша қызметінің тоқтатылғаны туралы білім бөлімінің құрылтайшы Г.Нұртаева мәлім етті.
Осы оқиғадан кейін облыс әкімі Асхат Шахаров балаларға дұрыс қарамайтын балабақшаларға қатысты шараларды қатаңдатуды талап етті.