Әзербайжанның Баку қаласында күрес түрлерінен әскерилер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Отандасымыз Аманғали Бекболатов 55 келі салмақта грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Финалдық белдесуде Аманғали Иран елінің балуанын ұтты. Қыздар сынында Айнұр Әшімова (57 келі) мен Ирина Кузнецова (62 келі) күміспен күптелгенін атап өткен жөн.
Ал еркін күрестен 79 келі салмақта күрескен Рүстем Мырзағалиев финалдық белдесуде Әзербайжан балуанына есе жіберіп, күміс медаль еншіледі. Әлем чемпионатының қола медалі Дәулет Теміржанов (57 келі), Әділ Оспанов (65 келі), Мейіржан Әшіров (70 келі) және Нұрсұлтан Азовқа (125 келі) бұйырды.
Күрес түрлерінен әскерилер арасында әлем чемпионатының алтынын осы күнге дейін екі балуанымыз ғана еншілегенін атап өткен жөн. 2013 жылы грек-рим күресінен Бағлан Жақанша 60 келіде, 2014 жылы Ғалымжан Өсербаев еркін күрестен 74 келіде алтын медаль олжалаған болатын.