×
$
441.91
€
499.05
₽
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.91
€
499.05
₽
5.3

Елде жан басына шаққандағы күнкөріс минимумы 72 мың теңгеден асты

Бүгін, 17:01
Елде жан басына шаққандағы күнкөріс минимумы 72 мың теңгеден асты
Ulysmedia коллажы

2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы жан басына шаққандағы өңірлік күнкөріс минимумы айына 72 791 теңге болды. Үш айда бұл көрсеткіш 7,65% ал бір жылда 20%-ға жуық өсті. Екінші тоқсанда күнкөріс минимумы 67 618 теңге болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл сома неге есептелген?

Күнкөріс минимумы адамның негізгі қажеттіліктерін өтеуге орта есеппен қанша қаражат қажет екенін көрсетеді. 72 791 теңгенің шамамен 40 035 теңгесі немесе 55%-ы азық-түлікке жұмсалады. Қалған 32 756 теңге азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтерге арналған.

Бұл көрсеткішті республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін және зейнетақы мен жәрдемақыларды есептеу кезінде қолданылатын күнкөріс минимумымен шатастырмау керек.

Алматыда ең жоғары

Үшінші тоқсанда күнкөріс минимумы ең жоғары деңгейде Алматыда тіркелді – бір адамға айына 80 928 теңге.

Одан кейін Маңғыстау облысы – 78 678 теңге және Шығыс Қазақстан облысы – 76 283 теңге.

Астанада бұл көрсеткіш 75 486 теңге, Шымкентте 70 675 теңге болды.

Ең төменгі күнкөріс минимумы Батыс Қазақстан облысында тіркелді – 63 796 теңге.

Қай өңірде көрсеткіш көбірек өсті?

Бір жыл ішінде күнкөріс минимумы ең көп Қызылорда облысында өсті – 26,8%.

Алматыда бұл көрсеткіш 26,3%, Жамбыл облысында 25% артқан.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан бойынша жан басына шаққандағы орташа күнкөріс минимумы айына 68 188 теңге болды.