×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Слово пацана» сериалына тыйым салына ма: Министрлер жауап берді

05.12.2023, 10:55
«Слово пацана» сериалына тыйым салына ма: Министрлер жауап берді
Ашық дереккөзден

Соңғы уақытта елімізде қызу талқыға түскен «Слово пацана» сериалына қатысты жағымсыз пікірлер толастар емес. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы криминалдық жағдайды баяндайтын сериал жайлы министрлер де пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкіметтің баспасөз орталығында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сериалды әлі көріп үлгермегенін айтты.

«Сериал жайлы қоғамда ақпараттар көп. Тіпті, Ресей федерациясының өзінде де аталған өнімге қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біз қазір сериалға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл іске өзге де министрліктер де араласуда. Нақты бір шешім айту әлі ерте. Бірақ қоғамда айтарлықтай дүрлігу байқалмайды», - деді министр.

Ата-аналар бұл сериал зорлық-зомбылықты насихаттайтынын айтып, қандай да бір шара қолдануды сұраған еді. Бұған қатысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та өз пікірін жеткізді.

«Әрине, біз кез келген зорлық зомбылық әрекеттерге қарсымыз. Сериалға келсек, оны жарыққа шығарған мемлекеттің өзінде де бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Біздің елде де анықтамалық жұмыстар атқарылуда. Жалпы, мектептерде зорлық-зомбылықты насихаттайтын дүниелерге жол берілмейді», - деді Ғани Бейсембаев.

Жақында Алматы облысында жасөспірімдердің қатысуымен жаппай төбелес орын алғаны белгілі. Төртеуі ауыр жағдайда ауруханада жатыр.

Кейін Алматы облысының полиция департаменті төбелеске қатысушылар Жәпек батыр ауылындағы мектептердің бірінің оқушылары екенін хабарлады.

Ал әлеуметтік желілерде көпшілік бұған «Слово пацана» сериалының кері әсері бар екенін айтуда.